Татарстанда аударспақтан әлем чемпионаты өтеді

22 Маусым 2022, 15:45
2035
Бөлісу:
Татарстанда аударспақтан әлем чемпионаты өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ресей Федерациясының Татарстан Республикасында 24-27 маусым аралығында ат үстіндегі күрес – аударыспақтан Әлем чемпионаты өтеді. 

Жарысқа Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей спортшылары қатысады. 

Чемпионатқа ұлттық ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нүркен Байбуриев жетекшілігімен Қазақстанның ұлттық құрама командасы мүшелері аттанды.

Көне Қазанда ел намысын қорғайтын білекті де жүректі жігіттердің арасында Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері – Азамат Серғазин, Шыңғыс Ержанов, Арман Сағынбаев, Сырым Ізбасаров, Есімхан Рахметіллә; Қазақстанның спорт шеберлері – Ермек Құралбай, Дәулет Ережепбаев, Данияр Смайыловтар бар.

Палуандар 60 келі, 70 келі, 80 келі, 90 және 90 келіден жоғары 5 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі.

Сонымен қатар биыл шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында Жамбы атудан ІІ Әлем чемпионаты, қыркүйекте Шымкент қаласында Көкпардан ІІ Әлем чемпионаты, ШҚО-да Құсбегіліктен Әлем кубогі және Түркияның Бурса қаласында төртінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді.

Ал осыдан бір апта ғана бұрын еліміздің аударыспақ палуандары Түркияның Ыстамбұл қаласында өткен V Этноспорт мәдени фестиваліне қатысып қайтқан болатын.

Естеріңізде болса, бұған дейін Аударыспақтан алғашқы Әлем чемпионаты ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Астана қаласында өткен болатын.

Өзгелердің жаңалығы