28 мамыр күні Алматы – Бішкек тасжолында КамАЗ жүк көлігінен тіркемесі ажырап кетіп, жол апаты болды. Салдарынан төрт адам қаза тапқан болатын. Белгілі болғандай, сол қаза тапқан төрт адамның бірі – жас мұғалім. Бұл туралы ұстаз, кәсіпкер, лицей директоры Аятжан Ахметжанұлы желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Аятжан Ахметжанұлының сөзінше, қаза тапқан мұғалім QAZBILIM Алматы ұлттық лицейінде ағылшын тілі пәнінен сабақ берген.
Биыл көлік оқиғасы десе жаным түршігетін болды. Күні кеше ойнап-күліп сабақ беріп жүрген мұғалім бүгін жоқ! Махаббат Нұрлыбекқызы QAZBILIM Алматы ұлттық лицейінде ағылшын тілі пәні мұғалімі еді. 30 мамыр еңбек демалысына шығып, ауылға барамын деп дайындалып жүрген. Өкінішке орай, 28 мамыр күні Алматы маңында көлік апатынан көз жұмды. Отбасы, мектеп әкімшілігі 3-4 күн іздедік, бірақ денесі моргтен табылғаны еңсені езіп кетті, - деп жазды ол.
Лицей директоры марқұм болған мұғалімді сипаттап берді.
Ашық жарқын, мақсаты анық қыз еді. Жаздай дайындалып, IELTS тапсырып, жалғастырып оқимын деп жүр еді. Оқу жылының соңын аяқтады да, кете барды. Бүгін ағасы денесін туған жері Аралға алып қайтты. Тағы да сол өзгенің қателігінен бір қыршын көз жұмды. Тіркемесінен ажыраған КамАЗ көлігі әріптесіміз мініп бара жатқан таксиді жаншып, барлық адам сол жерде көз жұмған, - дейді Ахметжанұлы.
Сондай-ақ ол жазбасында жас мұғалімнің жақындарына көңіл айтты.
Ата-анасына, туған туыстарына, ет жақындарына ұжым атынан қайғыра көңіл айтамыз! Алла сіздерге сабыр берсін!
Қайғыларыңа ортақпыз! Махаббаттың жаны жаннатта болғай! Біздің жадымызда мәңгі қаласың жақсы қыз!, - деп сөзін түйіндеді Аятжан Ахметжанұлы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматы – Бішкек тасжолында төрт адам қаза тапты. Жол апатына КамАЗ жүк көлігінен ажырап кеткен тіркемесі себеп болған.