Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін Адам құқықтары жөніндегі комиссия Еуропалық Одақтың бірнеше қызметкерімен кездестік. Кездесудің негізгі мақсаты – адам құқықтарын қорғау және көтермелеу саласында тәжірибе алмасу. Елімізде адам құқықтарын қорғау саласында жетістіктерге қол жеткіздік. Мәселен, Президентіміз елдегі адам құқықтарын қорғауға және сақтауға ерекше мән беріп отыр. Осы саладағы заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін бірінші кезектегі шаралар қабылданды. Соның нәтижесінде жақында Парламентке «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң қаралуға жіберіледі. Бұл да Еуропа Кеңесімен бірлесіп істелген жұмыстың нәтижесі, - деп атап өтті комиссия хатшысы Сыртқы істер министрлігінде өткен Адам құқықтары жөніндегі комиссия мен Еуропа Кеңесі сарапшыларының кездесуінен соң берген сұхбатында.
Сонымен қатар ол қазіргі таңдағы өзекті мәселеге тоқталды.
Бүгінде өзекті мәселе – қылмыстық процестің бастапқы сатыларындағы азаптау мен қинаудың алдын алу және жою. Бұл дегеніміз азаматты ұстағаннан бастап сотқа дейінгі процестер. Осы төңірегінде Еуропалық Одақпен өзара іс-қимыл жасаймыз. Азаптау мен қинау әдістері практикада бар екені жасырын емес. Оған себеп – құқық қорғау органдарының кейбір қызметкерлерінің мәдениетінің төмендігі. Оларды қайта дайындау керек. Құқықтық мәдениеті жоғары, адамгершілігі мол қызметкер азаптау немесе қинау әдістерін қолданбайды, - дейді Тастемір Әбішев.
Айтуынша, азаптау мен қинау – адам құқықтарын бұзудың ең осал түріне жатады.
Біздің Қылмыстық кодексте азаптау әдісін қолданғандарды 18 жылға дейін соттау қарастырылған. 1 қаңтардан бастап азаптауға байланысты қылмыстық істі жүргізу прокуратура органдарына берілді. Бұған дейін оны ішкі істер органдары мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жүргізетін. Тағы бір айта кететін жайт, Адам құқықтары жөніндегі комиссия осы жылы Қазақстанда адам құқықтарын соттан тыс қорғау және сотта қорғаудың өзекті мәселелері төңірегінде арнайы талдау баяндамасын дайындауға кірістік, - деді ол.