Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының тапсырысымен Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы бойынша "Open Kazakhstan" ЖШС тамыз айында "Тарихы терең Түркістан" өлкетану ақпараттық турын ұйымдастырды.
Турдың мақсаты – Рухани жаңғыру аясында киелі орындар тізіміне енген облыстағы нысандарды жұртшылыққа кеңінен таныстыру, насихаттау, танымалдығын арттыру, ілгерілету. Себебі, осыдан екі жыл бұрын қолға алынған жоба аясында «Қазақстанның 100 киелі орны» жасақталып, оған Түркістан облысынан 24 нысан республикалық маңызы бар орындар тізіміне енгізілген болатын. Бұдан бөлек, облыстық маңызы бар 76 нысанның қосымша тізімі жинақталған.
Осыған орай,турға журналистер мен блогерлер, желі белсенділері қатысты. Ақпараттық турда 16 облыстық маңызы бар киелі орындар, жалпы 40 нысан қамтылды. Айта кетейік, бірінші тур үш күнге созылды. Тур мүшелері алдымен Шаммет ишан мешітіне, Мыңжылдық тұт ағашына, Жылаған ата сарқырамасы мен Укаша атаның басына, Сауран қаласының орны мен Есім хан кесенесі, Әзірет Сұлтан кешеніне аялдады. Үшінші күні Күлтөбе қалашығына, Әлқожа, Гауһар ана, Арыстан баб кесенелері мен Отырар қалашығын аралап көріп, әулиелі жерлерде ашық далада палаткаларда түнеді.
Шәммет ишан мешіт-медресесі
Турдың маршрутта көрсетілген кестесіне сай, ең алдымен Қарнақ ауылына келдік. Шәммет ишан мешіт-медресесінде іс-шара ресми түрде ашылды. Екі мыңжылдық тарихы бар мешітте де жерасты қылует бар. Қарнақ ауылынан 2760 жəдігер табылыпты. Ауылда 25 мешіт,6 медіресе болған екен. Қарнақ сөзінің мағынасы шырақшының айтуынша, қарын тұсы, яғни орталық дегенді білдіреді.
Мешіттің шырақшысының айтуынша, Тайқазанды осында құйып жасапты. 24 тамыз күні Кентау қаласындағы Қарнақ ауылында Тайқазанның құйылғанына 620 жыл толуына арналған жиын өтті. Шараға Тайқазан тарихын зерттеушілер мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұжымы және Тайқазанды құйған шебер Әбділ Әзиз Шарафаддин Тебризидің ұрпақтары қатысты. Бұл қазан 1399 жылы 25 маусымда Түркістан қаласының батысында, 27 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елдімекенінде, сирек кездесетін жеті түрлі асыл металдың (мыс, мырыш, алтын, күміс, қола, қорғасын, темір) қоспасынан құйылған. Тайқазан сирек кездесетін жеті асыл металдың (мырыш, латын, қола, қорғасын, мыс, күміс, темір) қоспасынан құйылған. Қазанның салмағы 2 тонна, сыйымдылығы 3 мың литр, биіктігі – 1,60 метр, диаметрі- 2,42 метр.Тұғырының биіктігі - 0,54 метр, диаметрі – 0,607м.
Екіншісі осы жерде Абайдың әкесі Құнанбай қажы осы Қарнақ ауылындағы медреселердің бірінде білім алған екен. Сол жерде жазушы Мұхтар Әуезовтің әкесі Әуезді сол ауылдан білім ал деп ертіп кетіпті.
Жалпы, бұл музейдің көлемі 320 шаршы метр, 29 бөлмесі бар. Құрылымы 3 бөліктен тұрады: жәдігерлер бөлмесі, Үлкен Ақсарай және Кіші Ақсарай. Мешітке қойылған жәдігерлердің 80 пайызы қолөнер туындысы. Қыш құмыралар, диірмен тастар, майшамдар, мақат тазалайтын ескі заттар сақтаулы тұр.
1300 жастағы Тұт ағашы
Біреу маған Оңтүстік жерінде 1300 жыл жасаған тұт ағашы бар және бір бұтағы әлі күнге қурамастан көктеп, жеміс салып тұр десе, сенбес едім. Алайда, бұл шындық. Расында, жапырақтары жайқалып тұр.
Тұт ағашына мың жылдан асқанын қалай анықтадыңыздар деген сұрағымызға сол жердің шырақшысы VІІІ ғасырда араб басқыншылығы дәуірінде Кутейба ибн-Мүслім деген әскер қолбасшы атын арқандау үшін өз қолымен қазық етіп қағыпты, сол қазық кейін көгеріп, үлкен ағашқа айналыпты деген деректі келтірді. Кутейба әскербасы 715 жылы Орта Азияда біздің ата-бабаларымызбен соғыс кезінде қайтыс болғаны белгілі. Демек, қолбасшының Қарнақ жеріне келуі әбден мүмкін. Сол жердің шырақшысы Кутейба қолбасшының тұт ағашынан алыс емес жерде жерленгенін айтты. Басына сағана тұрғызылған, жергілікті жұрт әулие тұтады, кіндігінен тарайтын ұрпақ та осында тұрады деді. Шырақшы тұт ағашының жемісінен көшет өндіріліп, кәрі ағаштың жанына отырғызылғанын айтып берді. Сондай-ақ, сегіз адамның құшағы жетеді дегенді естіген біздің тур мүшелері дереу қол ұстасып тұра қалды. Шынымен де, ағаштың құшағына сегіз адам сыйып кетті.
Жылаған ата сарқырамасы
Қараңғы болмай Жылаған атаға жетіп алайық деген оймен жолай Укаша ата құдығына тоқтамай өтіп кеттік. Әйтпесе, кесте бойынша сонда аялдауымыз керек болған. Жолай Укаша ата құдығына тоқтамасақ та, Жылаған атаның бұлағымен байланысы бар деген ерекше бір бұлаққа тоқтап, ыдысымызға мұздай судан толтырып алдық. Жан-жағында өсіп тұрған ағаштарға келушілердің ырымдап шүберектер байлап кеткені таңсық болған жоқ.
Жүріп келеміз, кенет биік тауға жақындадық. Соның қақ төбесіне шығамыз, үсті жап-жазық, тағы бір құдыққа аялдаймыз деді турдың гид міндетін атқарып отырған әріптесіміз Сейдалы Дүйсебайұлы мен Қайрат Кәрібаев.
Содан жүріп келеміз. Біз жетеміз дегенше Жылаған атаның да тарихы айтылды. Аңыз бойынша кезінде байлығы шалқыған Гүрзіхан деген кісі мен Шаш-Ананың зарығып күткен перзенті екен. Сол баланың қашып тығылған үңгіріне бара жатырмыз, қысқасы. Бір уақытта қыр басына жақындаған кезде зәрем зәр түбіне жетті. Айқыш-ұйқыш бұралаңдаған жолдан таудың ұшар басында келе жатып, автобусымызбен қоса аударылып кетеміз бе деп қорыққаным-ай. Аман-есен қырға шықтық.
Гидіміз таныстырып алдын ала құлақтандырып қойған құдыққа да жеттік. Аса таяғымен жерді ұрғылап, ата-анам су ішсін деген іздерді де, құдық суын да ішіп көрдік. Дәмі ерекше екен. Автобустан түскен соң тағы да жаяу 3 км-дей жер жүріп бардық. Айнала биік шың, жақпар-жақпар тастардың ішінен дәл неге осы жерге аялдады деген сұрақтармен келе жаттым. Қызықтың көкесі әлі алда екен. Сонадай жерден тастан өрілген үйлер, адамдар көрінді. Зиярат етіп келушілерге барынша жағдай жасалыпты. Біздің топ та бара салысымен палатка құруға кірісіп кетті. Шырақшы Асқар аға бізді жылы шыраймен қарсы алып, шай ішетін болсаңыздар, самаурында су қайнап тұр деді. Біз келген қарқынымызбен кеш болмай тұрғанда барып үлгерейік деп атақты сарқырамаға қарай жақындадық. Табиғаты керемет, өркениеттен қашып келіп, паналаған ұлтарақтай жер сияқты. Мені тылсымымен, бала күнімнен еліктірген Жылаған ата! Көз алдымда кәдімгі үстінде оюлы қазақы шапаны, басында сәлдесі, қолында аса таяғы бар деп елестететінмін. Ал аңызға сүйенсек, ол шаранадан түсе салысымен ата-анасына ұстатпай қашып кеткен бала бейне болып шықты. Соған қарағанда аңызды дұрыс түсінбеген болсам керек, Жылаған ата дегенге үлкен қария деп топшылағам ғой. Асқар аға біздің топты өзі бастап барып, құран оқыды. Шыны керек, судың аққанын біраз күтіп отырып қалдық. Кенет сар етіп аққан кезде жапа-тармағай орнымыздан атып тұрып, барып іштік, тілегімізді айттық. Төбеден құйылатын судың сырын ұға алмай, біраз абдырап тұрдым. Сосын ана жатыры деп аталатын кішігірім суға барып шомылдық.
Біз келгенімізде құдық басында шырақшыдан өзге ешкім жоқ екен. Алдымен шырақшы ерлер кірсін деді. Сосын біз кірдік. Кезектесе шелек тастадық. Бірімізге су шықса, бірімізге шықпады. Кезегім келіп, құдыққа шелек тастадым. Бір қызығы, шелегім бос екен деп ойласам, су бар! Ниет етіп ішіп алдым. Жолда келе жатып, үйіліп жатқан темір шелектерді көріп таң қалған едім. Оның сырын су тартып жатқан кезде ешкім айтпаса да біле қойдым. Құдықтың айналасындағы тастардан шелектің сау-тамтығы қалмайды екен. Ішке кіріп қалған едім, ұзына бойы жатқан сағананы көріп таң қалдым. Ұзындығы -13 метр. Сосын Қарнаққа қайтар жолға шықтық.
Көне Сауран
Көне Сауран қаласына келдік. Біреу маған тарихта осындай қала болған десе, сенем. Себебі, қаланың қалдығын, қаңқасын көрдім. Әрбір кірпіші өткен тарихымыздың куәсі. Қойнауына сыр жасырып, ал тауып көр деп тұрғандай. Айналасында тал дейтіндей ағаш та жоқ, су да жоқ, жазық далада. Тіршілік нәрі суды қайдан алған деп ойланып кеттім. Анадай жерде құдықтың тұрғанын көрдім. Отырықшы болуға икемделген халық ағын судың бойына орналаспаса да жерді қазып су ішкендігіне көзім жетті. Өз заманында Орта Азиядағы ең мығым қамал болған қаланы археологтар жерден қазып тауып алған. Қаланың қабырғалары шөгіп, кәдімгідей жер астына түсіп кететініні таң қалдырды. ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланып, 16 ғасырда үлкен қалаға айналып, 19 ғасырда күйреген қаланың қалдығы тамсандырмай қоймайды. Қызық, біздің өркениет те осылай 5-6 ғасырдан кейін қандай күйге енер екен?
Әзіреті Сұлтан қорық-музейі
Қаланың бір кездегі орнымен қауышып болған соң облыс орталығына айналған Түркістан қаласына бет алдық. Бағытымыз аты мәшһүр Яссауи кесенесі. Әзіреті Сұлтан қорық-музейіне келген соң Шығыс моншасын тамашаладық. Сосын Яссауи бабаның жерасты қылуетінің басына келдік. Арнайы экскурсовод жалдап, суретке түсіруге рұқсат алдық. Кесене ішінде жерленген Жәңгір хан, Тәуке хан, Абылай хан, Шақшақ Жәнібек, Қаз Дауысты Қазыбек би, Қанжығалы Бөгенбай, Жауғаш батыр және басқада ұлы тұлғалардың басына зиярат етіп, құран бағыштап, олар туралы қызықты мәліметтерге қанықтық. Кесенеде қазақтың 21 ханы, 57 рухани-діни тұлғасы, билері, батырлары ұзын-саны 214 игі жақсы жерленген екен. Біз барған кезде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, музейді толығымен аралай алмадық. Десе де, араға он жыл салып, Яссауи мавзолейімен қайта қауышқаныма қуандым. Бабалар рухы шоғырланған жер ғой. Өткенімізді құрметтеп, бас июден халықтың рухани қуаты арта бермек.
Түркістан өз алдына облыс болып бөлек шыққалы бір жылдан асып қалды. Осы уақыт ішінде тарихтың жаңа парақтары жазылып та қойды, жалғаса да бермек.
Өткенімізді санада қайта жаңғыртуға арналған сапардан алған әсер тарқай қойған жоқ. Елбасы да өзінің аталған мақаласында туған жердің әрбір тауы мен тасын құрметтеп, сүюді,аңыз болса да зерттеп, зерделеп, жас ұрпақтың біліп өсуіне, кәсіпкерлер мен шенділердің, зиялы азаматтар мен жастарды туған жерге қамқорлық жасауға шақырды. Сонымен қатар, оларды ынталандыру үшін жергілікті биліктің «Туған жер» бағдарламасын жүйелі түрде қолға алуы керектігін баса айтып өтті.