Тарих толқынындағы Түркістан

5 Қыркүйек 2019, 13:43
10268
Бөлісу:
Тарих толқынындағы Түркістан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тарих - өткен күннің күнтізбесі мен өткерген белестерінен түзелетін жылнамалар жинағы іспетті. Ол арагідік қарама-қайшылықтарға толы болып келеді. 

Алайда, тарихсыз ұлт та, ел де болмайды. Бүтін бір мемлекеттің дербестігі мен Ұлылығы сол тарих арқылы түзеледі. Алтай мен Каспийге дейінгі кең атырап жеріміздің қойнауы қазынаға толы, тарихи мол, даласы дербес. Солардың арасында біз сөз еткелі отырған Түркістанның орны ерекше. Облыс атанып, облыс орталығы болғанына бір жылдан асқан шаһардың бүгіні мен ертеңі ғана емес, өткенін тізбектеп берген елге белгілі тарихшыларымыз бен ғалымдарымыздың пұшымды ойларын ұсынғанды жөн санадық.

Қаржаубай Сартқожаұлы, түркітанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Түркітану, алтайтану ғылыми зерттеу орталығының жетекшесі, Кемел Ататүрік атындағы түркі тарихи Құрымының мүшесі: Түркістан екі дүниенің есігі

Түркістан - екі дүние есігі ғой,

Түркістан - ер түріктін бесігі ғой.

(М. Жұмабаев)

Ұлы ақын Мағжан Жұмабаев неге бұлай айтқан? Біздің аталарымыз ана құрсағынан шыр етіп мына жалған дүниеге келгенде адами қасиетті, имандылықты, парасаттылықты, меірімділікті, еліне, халқына деген сүйіспеншілікті Түркістан топырағынан алып келді. Өйткені, мұнда асыл дініміздің ұлы ұстазы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі тұр. Мұнда Елбастаған елге ұйтқы болған анамыз Рабиға-бегім, Есім хан, Тәуке хан, Қаз дауысты Қазыбек би іспетті ондаған хандар, сұлтандар, шешендер мен батырлардың мүрдесі жатыр. Осы ұлы бабаларымыздың жүріп өткен өмір жолындағы жақсы істерінен тәлім алып, соларға тәу етіп, құрмет тұтып өмір мектебінен өтті. Бұл - Түркістаның Бірінші Есігі.

Бұл өмірден мәңгілікке аттанғанда ол дүниенің табалдырғын «бисмилла» деп аттап Жаратушының құдіретіне бас иіп, тәу етіп Екінші Есігін ашасыз.

Ал, неге Түркістан-ер түріктің бесігі атанды?

Ж.с. VI ғасырынан бастап І Көк Түріктін Істемі қағанның заманынан бастап түркі әулетінің астанасына айналған қала. VIII-IX ғғ-да Араб саяхатшысы Ибн-Хордадбек, Түркістанды «Түркілер Елі» деп атап әлемге атын әйгілеген. М. Қашкари Түркістан қаласы мен оның аймағына қатысты және оның халқының тілі, діні, ділі салты хақында кейінгі ұрпаққа мол ақпарат қалдырды. XIV-XV ғғ-да Араб саяхатшысы Фазаллах ибн Рузбехан Сырдарияның орта ағысында Сауран, Отырар, Сығанақ, Қарнақ іспетті 30-дан астам қалалар мен қамалдар бар екенін көзбен көріп, хатқа түсіргенін білеміз. XVI-XVII ғғ-да Түркістан - Қазақ хандығының астанасы болды. Атақты қолбасшы Ақсақ Темір Ахмет Яссауи бақилыққа кеткен соң 300 жылдан кейін кесенесін тұрғызды. Бұл дегеніңіз жәйдан-жәй дүние емес. Ойлануды, ой қорытуды талап етеді. Қазақ халқы ұлы адамды ұлықтан «Мәдинада-Мұхаммед, Түркістанда-Қожа Ахмет» деп Мұхаммед Пайғамбармен теңестіре насихаттады. 1870 жылы «Туркестанские ведомости», «Түркістан уәлаяты» газеттер жарық көріп, қазақ халқының ақпараттық және саяси көзін ашқан алғашқы газеті жарияланды. Осылайша, Түркістан-ер түркінің бесігі атанды. Тіршілікте де, о дүниеде де қазақ халқының бесігіне айналған киелі орын, киелі жер.

Бүгінгі XXI ғасырдың ұрпақтары ұлылардың ұлағатты ісін жалғастыру үшін талпынып жатыр. Кезінде белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәтбеков: «Түркістан үшін қазақ халқының қаны көп төгілген. Ол қазақ халқының қасиетті орны. Үш жүз жылға жақын уақыт бойы қазақ хандырының тұрағы - астанасы болған. Онда халқымыздың асыл азаматтары, ең қалаулы ұлдарының сүйегі жатыр. Оны қастерлемесек болмайды. Түркістанда облыс орталығы құрылса жақсы болар еді» деп жазып кетіп еді. Енді міне, Елбасы Н.Ә. Назарбаев облыс орталығы болдыруға жарлық шығарып, ел болып қолға алып, Түркістанды түлетуге атсалысып жатыр.

Менің бұған қосарым Көк түркілердің Мәңгі тастарының (Күлтегін, Білге қаған, Тұйұқұқ, Теркін) көшірмесін жасатып, аллея құрыпғ осында орынатсақ тарихымызды ұлықтау ісіне үлкен үлес боп қосылар еді деп ойлаймын.

Бейбіт Қойшыбаев, жазушы, публицист, ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты: Киелі қала рухы қолдасын

Түркістан қаласының жаңа мәртебесі оны атауындағы түпкі, игілікті де қастерлі мағынасына тақалта түседі. Түркістан – ежелгі де бүгінгі, көне де жаңа шаһар. Байырғы қазақ астанасы, қазіргі қазақ рухани орталығы һәм маңызды аймақтың әкімшілік орталығы. Шаһар өте ертеде – Шавгар, кейініректе Яссы (Йассы) деп аталған. Қалада әйгілі Әзірет Сұлтан – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі тұр. XVI ғасырдың соңына қарай қазақ мемлекетінің басына келген Есім хан Йассыны хандықтың жаңа астанасына айналдырып, оған терең мағыналы Түркістан деген ат берді.

Есім хан өмірден озғанда Әзірет Сұлтан кесенесі жанына жерленді. Одан кейін таққа отырған хандардың да көпшілігі мемлекетті билейтін ордасын Түркістанға тікті, дүниеден өткеннен кейін сонда тыншыды. Шаһардың Қожа Ахмет Яссауи ескерткіші тұрған аумағы қазақтың талай ханы мен басты адамдары жер қойнына берілген өзіндік пантеон боп тұр. Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң, шыққан тамырын қадір тұтатын Түрік елі Әзірет Сұлтанды күрделі жөндеуден өткізуге, шаһарда іргелі жоғары мектеп ашуға қамқор болды.

Бұл қасиетті шаһармен қазақтың советтік тұңғыш елшісі Нәзір Төреқұлов, Орта Азия халықтарының бірлікте дамуы үшін күрескен мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожанов, жаңашыл ақын және жазушы, мәңгі жас Саттар Ерубаев есімдері тығыз байланысты. Бұл шаһарда бүгінде күллі түркі әлемінің ардақтыларын зерттеуде, әдеби мұрасы үлгілерін бір орталыққа жиып, оқырман игілігіне айналдыруда көп еңбек сіңіріп жүрген үлкен әдебиетші-ғалым Құлбек Ергөбек, күрделі революциялық өзгерістер кезеңінің шындығын ашуда жемісті істер тындырып отырған ірі тарихшы-ғалым Хазіретәлі Тұрсын, ұлт руханияты мүддесін күйттеген ондаған тамаша зерттеуші жұмыс істеуде. Осында тұратын талай азамат Түркістан шаһарының, шаһар бас қаласы боп тұрған жаңа облыстың экономикасын, халқының әл-ауқатын, тұрмысын, мәдениетін көтеру жолында маңдай терін риясыз төгіп жүр. Солардың баршасына жемісті еңбек, толағай табыс тілеймін. Киелі қала рухы күллі түркістандықтарды әрқашан жаңа жеңістерге бастай берсін!

Сұлтан Хан Аққұлы, филология ғылымдарының кандидаты, белгілі әлихантанушы ғалым, Phd доктор, «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры: Түркістан – бүкіл түркі-мұсылман елдері мен халықтарының рухани орталығы болатын қала

Түркістан қаласының облыс орталығы болғанына 1 жыл толып та қалыпты, құтты болсын, баянды болсын!

Дау жоқ, ежелгі түркі-қазақ жеріндегі ең көне қалалардың бірі, ежелгі астаналарының бірі болып табылатын Түркістан Тәуелсіз Ұлы дала елінің астанасы болуға да әбден лайық еді. Әлихан Бөкейханның сөзімен айтсам, «қынабынан қылыш суырмай, жаға жыртыспай» көрші орыс империясының отарлығына түскен сәттен бері тек 1917 жылдың 5-13 (18-26) желтоқсанындағы Алаш Республикасы ретінде қазақтың ұлттық мемлекеттігі іргетасын қайта көтерген Жалпы қазақ-қырғыз құрылтайы қайта жаңғырған ұлттық мемлекеттің астанасы – УАҚЫТША Семей (Алаш қаласы) болсын деп жайдан-жай қаулы шығарған жоқ-ты. Алаш Республикасының астанасы Түркістан қаласы болған жағдайда Ұлы Жошы ұлысы – Дешті Қыпшақ империясы құрамында болған түркі-мұсылман халықтарының (ол заманда түркі ру-тайпалары еді) басын қайта біріктіреуге түрткі болар ма еді! Алаш қайраткерлерінің Ұлттық Автономияны құрғандағы астарлы, бірақ түпкілікті мақсаты да сол түркі-мұсылман халықтарын Алаш туы астына қайта жинап, Ұлы Түркістан немесе Тұран империясын қайта тірілту ниеті жатты емес пе?

Түркістанды Қазақ КСР-ның астанасы ету идеясы Қызылордадан астананы көшіру мұқтаждығы туған 1927 жылы да сөз болған. Осы мәселе
И. Сталин Кремльдің толыққанды «қожайыны» болған 1927 жылы талқылағанда Ақмола, Алматы қалаларымен бірге Түркістан қаласы да аталған. Алайда Шығыс Түркістанды Қазақ КСР-на қосып алуды жоспарлаған И. Сталин Алматы қаласы болсын деп бір өзі шешкен. Бұл тарихи құжаттарда ойып тұрып тіркелген.

Бұл жолы қазақтың әйгілі хандары жерленген Түркістанға облыстың әкімшілік орталығы мәртебесін беру шешімінің астарында бүкіл мемлекеттік билікті ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келген бір кісінің саяси мүддесі жатыр. Ұлттық пантеонды місе тұтпай, өзін хан мәртебесіне теңеп, Түркістанға жерленуді көздеген мүдде. Оған қалың бұқара, қоғам келісе қоя ма, оны уақыт көрсетер.

Бірақ одан әлдеқайда маңыздысы - егер Қазақстан мұсылмандарының Діни басқармасы не Алматы, не Нұр-Сұлтанға емес, Түркістанға көшіп орналасса, одан әулие Қожа Ахмет Яссауидің кесенесі тұрған қаланың бүкіл түркі-мұсылман жұртшылығы үшін қадыр-қасиеті арта түсер еді. Бұл бір. Екіншіден, дін басқармасы мемлекеттік саяси биліктен тәуелсіз екенін қалың мұсылман жұртшылығына паш етер еді. Егер Тәуелсіздігіміздің өткен 27 жылына бір шолып көрсек, Ата заңымызда Қазақстан «зайырлы мемлекет» ретінде жарияланса да, Діни басқарманың төрағасы – Бас мүфтиді 2019 жылдың көктеміне дейін мемлекет басшысы болып келген тұлға тағайындап келді. Міне бұл – мемлекеттік саяси биліктің дін істеріне құл сұғып келгенін айқын аңғартады. Алаш Республикасын құру алдында Алты Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» деген шағын мақаласында: «Франсұз, орыс һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді – молла үкіметтен ақша алса, сатылып кетеді, рухани іс аяқ асты болады. Жалование алған моллалар үкіметке жетекшіл болып, еріп кетеді. Біздің қазақ-қырғыз дін ісін көркейтетін болса, үкімет ісінен бөліп қойған оң болады», - деп кесіп айтқан болатын. Міне, осылайша Алаш Республикасы дүниеге шынайы зайырлы мемлекет болып келген болса, ол қазіргі Ұлы Қазақ даласындағы тұңғыш зайырлы мемлекет болатын. Екіншіден, Әлихан Бөкейхан Алаш Республикасының жоғарғы мемлекеттік атқарушы билігі – Алаш Орда үкіметін басқарған 1917-1920 жылдары дін істеріне араласып көрмеген.

Қорыта айтсам, Түркістан – бір оңтүстік облыстың әкімшілік орталығы болуға ғана емес, бүкіл Түркі-мұсылман елдері мен халықтарының рухани орталығы, кіндігі болуға бірден-бір лайық қасиетті, киелі мекен. Оның Түркістан атауының өзі түркі-мұсылман халықтары мен мемлекеттерінің бірігуіне мұрындық бола алатын қала.

Қадырәлі Қоңқабаев, Қырғызстандық белгілі түрколог, Халықаралық Түркі академиясының ғалымы, профессор: Киелі Түркістан

Түркі халқының ежелгі заманнан бері айтылмаған, жазылмаған, алайда есте сақталып келе жатқан көп құпиясы бар. Шамамен 2500-3000 жылдар аралығында қазіргі түркі халықтарының ата-бабалары әртүрлі қоғамдық және тарихи жағдайларға байланысты Ұлы көштерге түсіп, елді ауыстырды. Нәтижесінде түркі халықтарының көптеген ата-бабалары ежелгі уақытта басқа аумақтарда тұрды.

Қазіргі түркология ұзақ тарихи жолда түркі халқының үш негізгі ата-жұрты болғанын болжайды.

1). Ең ежелгі атауы "Ергенекон" ескі аңыздарда және ата-бабаларымыздан сақталған атажұрт. Ергенекон екенін білетін екі қасиетті орын бар. Олардың біріншісі - Моңғолиядағы ежелгі түрік қағанаттары аумағындағы өзен, екіншісі - Тыва Республикасындағы Ергенокон тауы және Ергенекон өзені, ұлық-Хем (Енисей) өзені. Бұл тұрғыда ежелгі ғұндар (бор, бор, буур, пор, Пур, пуур, қасқыр, қасқыр, кашаб, Қасқыр, сұр қасқыр, чоно және т. б.) таныс.б. (сөздер) жайлы ақпарлар бар.

2). Орта ғасырдан бүгінгі күнге дейін түркі халқының атажұрты - Орталық Азияда орналасқан Түркістан аумағы саналды. Ерте орта ғасырдан бастап Түркістан осы аймақты мекендеген барлық түркі халықтарының астанасы болды. Оның дәлелі, дәл осы жерде ғасырлар бойы бектер, би, хандар бейіттері орналасып, түркі жұртының ең ұлы халқы өмір сүргендіктен Түркістан түркі халқының ең қасиетті қаласына айналды.

Түркістанды қасиетті және маңызды деп таныудың тағы бір белгісі - бұл ұлы ойшыл, түркі ислам дәуірінің бастамашысы Қожа Ахмет Яссауидың мекен еткен жері дәл осы Түркістан қаласы болуы.

Өткен жүз жыл бұрын біздің халықтарымыздың рухани орталығына айналған қасиетті Түркістан арагідік халық ойынан әдейі ығыстырылды.

Қырғызстанның Ош облысына қарасты Өзген ауданы аймағында Кулкожо Ахмет жазынын (Қожа Ахмет Яссауи) өмір сүрген жерлері, аң аулаған аймағы, әкесі Ибрагим анасы Қарашаш туралы қызықты әңгімелер менен аңыздар айтылып келеді. Қырғыз елінің көптеген аңыздарында Арыстан бабқа қатысты әулие бұлақтар менен өзендер жайлы ақпараттар кездеседі. Менің ойымша, біздің халықтарымыздың тілі, жалпы әліпбиі, әдебиеті, дін мен салт-дәстүрі, әдет-ғұрып пен құндылықтарымызды халық ретінде, ел ретінде біріге құрдық десем, артық айтқандық емес.

3). Түркі халқының үшінші атажұрты - Анадолы, қазіргі Түркия Республикасының аумағы. Ергенеконнан бастап, Түркістан қаласында жалғасып жатқан, ХІ ғасырдан бастап Анадолыға қоныс аударған түрлі түркі халықтарының өкілдерінің өзара бірігуі нәтижесінде түрік ұлттары пайда болды.

Қазақстан картасында Түркістан облысының пайда болуы және оның орталығының Түркістан қаласына көшірілуімен қатар Түркістан қаласын түркі мәдениетінің орталығына айналдыру - түркі дүниесі үшін болашаққа үндеген ұлы жолының бастауы болып саналады.

Ғарифолла Әнес, тілші-ғалым, филология ғылымдарының докторы, «Арыс» баспасының директоры: Түркістан деген қасиетті сөз

Түркістан деген қасиетті сөз. Ол қырықтан астам түркі халқының Ұлы арманы. Біз, өкінішке орай қасымыздағы көршілерімізбен де әлі лайықты түрде біріге алмай жатырмыз. Мұның кемшіл тұстары көп. Ал енді жалпы жаһандану заманында дүние дінге, тілге, әр түрлі саяси күштер геосаяси түрде бәрі бөлініп жатқан кезде бізге ең үлкен керек нәрсе бұл - түркі халықтарының бірлігі. Ал осы бүкіл түркі халықтарын біріктіретін үлкен символ не? Ол Ахмет Яссауидің ілімі, Түркістан қаласы.

Түркістан облысының ашылуымен Түркістанға көңіл бөлініп, Түркістанды күшейтуіміз үлкен көмек болмақ. Егерде бұрындары жеке-жеке бөлініп, бәсекелесер болсақ, бүгінде Түркістанның түлеуі, Түркі академиясының құрылуы бірігуге жасалған батыл қадам болып отыр. Алдағы уақытта барлық түркі халқы біріккен кезде ғана жаһандануға төтеп бере аламыз. Бір қазақ халқы, бір өзбек халқы, бір қырғыз халқы деп халықтардың тағдыры талан-таражға түспеуі тиіс. Түркі халықтарына қаншама қысым көрсетіліп жатқандығын білесіздер. Сондықтан мұндай кезеңдер батыл шешімдерді қажет етеді.

Татарымыз бар, башқұртымыз бар, ноғай халқымыз бенен Кавказда жатқан халқымыз бар, якуттар бар, басқа дінге өтіп кеткен халықтарымыз да бар. Барлығы жеке-дара өмір сүруде. Бірақ не болғанда да барлық үміт, мына халықтардың үміті ешқашан жоғалмайды. Әрбір халық жақсылықтан үміт етеді. Алдынан үлкен үмітпен жақсылыққа жеткісі келеді. Осындай жақсылықтың бір жолы Үлкен Түркістанның құрылуы деп білемін.

Ол біреуге қарсы құрылу емес. Ол үлкен жаһандануда, аласапыран қиын заманда бәрінің бірлігін сақтау. Қазақтың үлкен жақсы бір мысалы бар. Бір шыбық әлсіз, он шыбық берік болып, иіліп, сынуы қиын деген. Түркі елдерінің әр бірінің өз артықшылығы бар. Бірі тілін берік сақтап, нық қолданса, енді бірі өнерлі, ал бірі экономикалық дербес.

Түркиядағы түріктер мен Өзбекстандағы өзбектер секілді саны көп елдер де бар. Енді бірі біздің елдей қазба байлығына бай. Сондықтан түркі елдері шын мәнінде бірігетін болса, ешкімге алдырмайды. Бұл біреуге қарсы болу емес, бұл жаһандану кезіндегі алдымызда тұрған қауіптердің алдын алып, халықтарамызды аман сақтап қалудың жолы. Ал сол бір біріктірудің негізі Түркістан қаласы атана алады. Сондықтан да Түркістанның қайта түлеуі орынды деп білемін.

Өзгелердің жаңалығы