Тарихшы: Сұлтан Бейбарыс – түркі тектестерге ортақ тұлға

13 Наурыз 2023, 12:42
15885
Бөлісу:
Тарихшы: Сұлтан Бейбарыс – түркі тектестерге ортақ тұлға
Фото: BAQ.KZ

Биыл Мысыр жерінде мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған Дешті Қыпшақ даласының атақты перзенті Сұлтан Бейбарыстың дүниеге келгеніне 800 жыл толды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осы датаға орай тарихшы, тарих ғылымдарының докторы Бүркіт Аяғаннан Сұлтан Бейбарыстың өміріндегі тың деректер туралы сұқбаттасқан едік.

- Сұлтанның шыққан тегі жайлы не айтасыз? 

- Сұлтан Бейбарыс бабамызды еске алған кезде ортағасырлық бірқатар жер-су аттарын кездестіреміз, соның бірі Дешті қыпшақ даласы. Жалпы, Дешті Қыпшақ ұғымы – парсы тілінен аударғанда «Қыпшақ даласы» деген мағынаға ие. Дешті қыпшақ Алтайдан Қырымға дейін созылған аумақты алып жатты. Ол кездегі «қыпшақ елі» белгілі бір рудан не ұлттан тұрған жоқ. Құрамында әртүрлі тайпалар болды. Кейбір азаматтар Сұлтан Бейбарысты беріш руынан шықты деп есептейді, меніңше, бұл – қате. Өз басым бұл оймен келіспеймін. Бір деректерде Бейбарысты «біроғлы» деген тайпадан шыққаны жазылған. Ол түркімен не қырым татары да болуы мүмкін. Нақты «беріш» руынан деп кесіп айтуға болмайды. 

Жалпы, Мысырда мәмлүктердің арасында бірнеше Бейбарыс болған. Оның ішінде бізге ең жақыны Дешті қыпшақ даласынан шыққан Бейбарыс. Оны Қырым татарлары Қырымнан шықты дейді, тіпті Қырымда арнайы ескерткіш қойылған. Біз Атырауда ескерткіш қойып жүрміз. Бірақ меніңше, олай әркім өз ауласына тарта берген дұрыс емес. Сұлтан Бейбарыс – түркі халықтарының ортақ тұлғасы. 

- Мәмлүктер дегеніміз кімдер, олар қалай күшейді? 

- Латын және парсы тілдерінде Бейбарыс Сұлтан туралы деректер көп. Рукн-әд-дин (Бейбарыс) әлемді мойындатқан кезі 1253-1270 жылдар аралығы. Бала Бейбарыс Дешті қыпшақ даласынан тұтқынға түседі. Бірақ оны құлдыққа түсті деп айтуға келмейді өйткені ол Мысыр Әміріне бағынышты арнайы Мәмлүк жасағына алынған. Ал оған тұтқынға түскен 13-14 жастағы балалар жеткізіліп отырған. 

Мәмлүктердің құрамы да әртүрлі ұлттардан тұрған, оның ішінде нөкерлер түркі, кавказ тіпті славян халықтарынан да болған. Уақыт өте келе, мәмлүктер елді қорғайтын үлкен әскери қорғаушыларға айналады. Бұл тарихтағы қызық жағдайлардың бірі. Бейбарыс ағайыны, жерлесі Құтыз сұлтан (Мұзаффар Сайф әд-Дин Құтыз) екеуі бара-бара мәмлүктерді өзіне қаратып, кейін Мысырдың Әмірін тақтан тайдырады. Ақыры шамамен 1240-1250 жылдары мәмлүктер қазіргі Египет жеріне патшалық құрады.

- Алтын Орда ханы Беркенің Сұлтан Бейбарыспен тығыз байланыс жасағаны туралы, тіпті оның ықпалымен ислам дінін қабылдағаны туралы айтылады. Осы екі алпауыт елдің жай-жапсарын айта кетсеңіз... 

- Алтын Орда ұғымы – қате. Біз біріккен орданы «Ұлық ұлыс» деуіміз керек. Алтын Орда деген терминін 1640 жылы Ян Длугош деген поляк шығарған, кейін неміс географы Иоханнес Краузе бұл ұғымды толықтай тарихқа енгізіп кетті. Уақыт өте келе, Алтын Орда атауы орыс деректерінде қолданыла бастады, осылайша бұл сөз бізге де келді. 

Ұлық ұлыс деп атауымның өз себебі бар. Мәселен, картадан Алтын Орданы қарасақ, Жайық пен Еділдің қасындағы бір ел секілді көрінеді. Ал шын мәнінде, Ұлық ұлыс бірнеше ұлыстан тұрған. Олар Шыңғысханның 4 баласына Жошы, Үгедей, Шағатай және Төле ұлыстарына бөлінген. 

Алтын Орда ханы Берке (1257-1266) билік еткен тұста Шыңғыс ханның немересі Хулагу әскері Мысыр жеріне дейін жетеді. Ол кезде Египетті қорғаушы күш мәмлүктер болады. Алайда, ең қызығы, мәмлүктер бұл уақытта Еуропадан төнген кресшілермен соғысып жатады. Осылайша, бір емес, екі қауіптен шығуға тұра келеді. Бұл кезеңде Бейбарыс Сұлтан кресшілермен ғана ымырасыз соғыс жүргізеді.  

Кейбір тарихшылар Бейбарысты моңғолдармен шайқасты деп жазады, алайда ол саяси атау ғана. Шын мәнінде, Бейбарыс Ұлық ұлыстың әскерімен соғысады. Сұлтан Бейбарыс Берке хан әскерімен соғыс жүргізгенмен, дипломатиялық қарым-қатынастарға барып отырған. Тіпті сауда-саттық жасасқан. Деректерде туыстық қарым-қатынаста болғаны айтылады. Өздеріңізге мәлім, ол кезде билеушілер қыз алысу арқылы бейбіт келісім іздеген.

- Бейбарыс бала кезінде Қыпшақ даласынан құлдыққа түсті дедіңіз. Ол бірнеше тіл білген деп айтады. Ана тілі – қыпшақ тілі болды ма, сол тілде сөйлеген бе?

- Араб деректерінде, Бейбарыс Ұлық ұлыстан келген елшілермен өз тілінде сөйлейсті деген дерек бар. Меніңше, Бейбарыстың өз тілі – қыпшақ тілі. Арабтар Ұлық ұлыс елшілері мен Бейбарыстың не жайлы сөйлескенін түсінбей қалғанын және Рукн-әд-диннің елшілермен жақсы түсініскенін жазған. 

- Ал біз Бейбарыстың тарихтағы орнын анықтай алдық па? Оның тұлға ретіндегі тарихтан алар орны қандай?

13 ғасырда Мысыр өте мықты мемлекеттердің біріне айналды. Сауда жолдары айтарлық кеңейді. Олар да көршілес парсы, осман түріктері мен гректерге тыныштық бермеген кездері болған. Бейбарыстың тарихта қалған себебі бір жағынан елін қорғап, құлдырап бара жатқан Мысыр елін қалпына келтіруі болды. 

Мәмлүктер жүз жылдай Мысыр жерін басқаруды қолға алды. Оған дейін 40 тайпа болып қырлысып жатқан Мысырды бір тәртіпке келтіріп, бір салық жүйесін енгізді. Мәмлүктер патшалықта жаңа сауда жолдарын да ашқан. Екіншіден, Бейбарыс Мысыр еліне жолдар салу, мешіт салу және әскери өнерді күшейту секілді мәселелерді шешіп отырған.  Ол мысырлықтардың халық болып сақталып қалуына мол үлес қосты. 

- Ислам тарихында сұлтан Бейбарыстың қайтыс болуы туралы неше түрлі аңыз-әңгімелер баршылық. Кейбір тарихшылар Бейбарыстың еліне, Қыпшақ даласына қайтқанын жазады. Бұл қаншалықты шындық? 

- Иә, кейбір мәліметтерде Бейбарыстың түсіне шешесі кіріп, Қыпшақ даласына қайтқан дейді. Ал тағы бір деректе, Мысыр жерінде қайтыс болып, Каирде жерленген деп жазады. Біздің білуімізше, Каирде арнайы кесене бар. Алайда, Египетте Рукн-әд-диннің бірнеше адам болғанын ескеруіміз керек. 

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет! 

Өзгелердің жаңалығы