Тарих пәнінің үздік мұғалімдері анықталды

Бүгiн, 11:12
235
Бөлісу:
Тарих пәнінің үздік мұғалімдері анықталды
Фото: El Umiti

Қазақстан мектептері мен колледждерінің тарих пәнінің мұғалімдері арасында өткен республикалық "Тәуелсіздік дәуірі" олимпиадасы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл іс-шара кәсіби даму мен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған бірегей алаң ұсынды.

Биыл төртінші жыл қатарынан өткізіліп жатқан олимпиаданың негізгі мақсаты – жастар арасында тәуелсіздік тарихына қызығушылықты арттыру және мұғалімдерге қолдау көрсету. Шара барысында ұстаздар дағдыларын жетілдіріп, тәуелсіз Қазақстанның тарихына қатысты маңызды оқиғаларды зерттеу мүмкіндігіне ие болды. Бұл бастама мұғалімдер арасында тәжірибе алмасуға және білім беру әдістерін жетілдіру жолында ынтымақтастықты дамытуға ықпал етті.

Олимпиада екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең онлайн форматта өтті және 1 қараша мен 29 қараша аралығында https://kzgame.kz платформасында ұйымдастырылды. Іріктеу кезеңінде еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан мұғалімдер өз білімдерін сынап, ең жоғары нәтижелерге қол жеткізуге тырысты. Ақмола, Қостанай облысы мен Алматы қаласының қатысушылары ең жоғары нәтижелер көрсетіп, ең үздік 20 мұғалім финалға өтті. Екінші кезеңде теориялық және практикалық тапсырмаларды орындады.

Тарих пәнінің үздік мұғалімдері анықталды

Финал нәтижесінде үздік үш қатысушы анықталды.

І орын - Ақмола облысынан Шарипова Амина.

ІІ орын - Алматы қаласынан Қондыбаева Гүлназ.

ІІІ орын - Жамбыл облысынан Бозымбекова Айжан.

Жеңімпаздарға планшет, ноутбук және колонка түріндегі бағалы сыйлықтар табысталды.

Олимпиаданы ұйымдастырушы – El Umiti корпоративтік қоры. Қор білім беру саласында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және оқушылар мен мұғалімдердің интеллектуалдық әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Олимпиаданың негізгі міндеті – оқушылар мен ұстаздардың сыни ойлау қабілеті мен көшбасшылық дағдыларын дамытуға ықпал ету.

Бұл олимпиада еліміздің білім беру жүйесін жетілдіруге және жастардың тарихи санасын нығайтуға ықпал ететін маңызды бастамалардың бірі. Болашақта осындай жобалар еліміздің білім беру саласындағы үздік тәжірибелерді дамытуға және ұлттық сананы қалыптастыруға үлес қоса беретіні сөзсіз.

Өзгелердің жаңалығы