Тариф өсіп, инвестиция азайса: Мобильді операторларға талап күшейеді

Соңғы екі жылда байланыс операторлары инфрақұрылымды дамытуға 800 млрд теңгеге жуық инвестиция салған.

 istockphoto.com 24 Қараша 2026, 14:27
24 Қараша 2026, 14:27
68
Фото: istockphoto.com

Қазақстан билігі телекоммуникациялық инфрақұрылымға салынатын инвестиция көлемі қысқарған жағдайда, ұялы байланыс операторларының тариф саясатын қатаңырақ талқылайтын болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында брифингте Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бағаның негізсіз өсу белгілері байқалса, мемлекеттік органдар жағдайға араласуы тиіс. Ал телекоммуникация саласындағы уәкілетті орган монополияға қарсы ведомствоға қажетті ақпарат пен талдамалық деректерді ұсыну арқылы көмектеседі.

Жаслан Мәдиевтің мәлімдеуінше, министрлік үш мобильді оператордың қаржылық есептілігін талдаған. Нәтижесінде олардың рентабельділік және күрделі шығындардың табысқа қатынасы көрсеткіштері Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері мен Еуропадағы деңгеймен салыстырғанда қалыпты шекте екені анықталған.

Соңғы екі жылда мобильді операторлар телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға 800 миллиард теңгеге жуық инвестиция салған. Министр компаниялардың желіні одан әрі дамытуға қаражаты қалуы үшін тепе-теңдікті сақтау маңызды екенін атап өтті.

Егер бұл көрсеткіштер төмендеп, сонымен қатар бағалар өсетін болса, онда операторларға қатысты үлкен сұрақ туындайды. Мұндай жағдайда мобильді операторлармен диалогты әлдеқайда мұқият әрі қатаң жүргіземіз, – деді Жаслан Мәдиев.

Сондай-ақ министр автомобиль жолдарының бойында мобильді байланысты дамыту жоспарымен бөлісті. Жобаны келесі жылдың соңына дейін жүзеге асыру көзделген. Ол үшін антенна-діңгек құрылыстары орнатылып, базалық станцияларға электр желісі тартылады.

Мобильді операторлар нысандарды орнату мәселесін «Транстелеком» компаниясымен келісуі керек. Бұдан бөлек, тасжолдардағы байланыс аясын кеңейту үшін базалық станцияларды бірлесіп пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Наверх