Тәрбие жұмыстарына ата-аналар да атсалысуы керек – полиция инспекторы

31 Мамыр 2022, 16:48
2095
Бөлісу:
Тәрбие жұмыстарына ата-аналар да атсалысуы керек – полиция инспекторы

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыс саны 10 %-ға төмендеді. Былтыр бастапқы 4 айда 30 қылмыс жасалса, биыл бұл көрсеткіш 27 болған екен.

Аймақтағы жергілікті полиция қызметінің ювеналдық полиция бөлімінің инспекторы Нұркен Абдулин осылай баяндады. Ол өңірдегі олиция департаменті мамандары жасөспірімдердің арасында құқықбұзушылықтардың алдын алу, олардың құқықтарын қорғау және келеңсіз оқиғалардан сақтау бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде атқарып жатқанын атап өтті.

Талдау көрсеткендей, ағымдағы жылдың 4 айында кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстар 10 %-ға азайды немесе 30-дан 27-ге дейін кеміді. Мұның ішінде аса ауыр емес қылмыстар 7-ден 2-ге, аса ауыр қылмыстар 3-тен 0-ге төмендесе, орташа ауыр қылмыстар 10-нан 11-ге, ауыр қылмыстар 9-дан 14-ке өскен. Ал қылмыс түрлеріне келсек, былтыр 3 кісі өлтіру оқиғасы болса, биыл мүлде орын алған жоқ. Ашық тонау қылмысына қатысты да осындай, өткен жылы 3 дерек тіркелген, биылдыққа мұндай сипаттағы қылмыс тіркелмеді. Есірткіге байланысты қылмыстар 1-ден 0-ге, өзге қылмыстар да 10-нан 2-ге төмендеді, - деді жауапты маман.

Құзырлы орган қызметкері ауыр дене жарақат келтіру қылмыстарының 0-ден 2-ге өскенін де атап өтті. Бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысты былтыр 8 оқиға орын алса, биыл бұл қылмыстар екі есеге бір-ақ өскен. Алаяқтыққа қатысты 1 дерек, бұзақылыққа байланысты 4 оқиға орын алған. Топтасқан қылмыстар саны 10-нан 11-ге артқан. Қылмыстық  жауапкершілікке тартылған кәмелетке толмағандар 25-тен 23-ке азайса, оның ішінде, 36 %-дан астамы колледж білімгерлері, 17 %-ға жуығы еш жерде оқымайды. Қалғандары жалпы білім беретін мекемелердің окушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері. Жұмыс істемейтін 8 жас бар.

Кәмелетке толмағандардың қатысуымен жыныстық сипаттағы қылмыстарға келсек, былтыр 2 зорлау дерегі болса, биыл мұндай 1 қылмыс орын алды. Сексуалды сипаттағы зорлау әрекеттері де 3-тен 1-ге кеміді. Жас баланы азғыру оқиғалары да осындай, 3-тен 1-ге азайды. 16 жасқа толмаған тұлғамен жыныстық қатынасқа түсу фактілері 10-нан 4-ке түсті. Бұл орайда, мектептерде сынып жетекшілері, үйде ата-аналар өз балаларына толықтай қадағалау шараларын күшейтіп, тәрбие бағытындағы жұмыстарға күш салуы керек, - деді Нұркен Ардашерұлы.

Сонымен қатар, ол аймақтағы полиция департаменті басшылығы балалардың терезеден абайсызда құлауынан болатын балалар жарақаты мен өлімінің және суға батып кету оқиғаларын болдырмау шараларын бақылауға алғанын жеткізді. Өткен жылы Жамбыл облысында түрлі жағдаяттарға байланысты биіктен 17 бала құлап кеткен. Оның ішінде 2 жеткіншек қаза тапқан. Қазіргі есепті кезеңнің өзінде терезеден 6 бала құлаған.

Осы кемшіліктерге жол бермеу мақсатында, полиция департаменті басшылығы Тараз қаласы полиция бөліміне және өзге де жауапты органдарға нұсқау жолдап, мынау шараларды жүзеге асыруды бұйырды: алдымен сала мамандары БАҚ-та, оның ішінде әлеуметтік желілерде құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Балалардың терезеден құлауынан болатын жарақаттар мен өлім-жітімді болдырмау жөніндегі сақтық шаралары туралы ел ішінде аралап жүріп түсіндіру жұмыстары жүргізілгені аса маңызды. Содан соң осы шаруалардың орындалуы туралы нақты деректермен көрсеткіштер есебі жасалғаны дұрыс, - деді спикер.

Ол ата-аналарға балалары балконның есіктері мен терезе жақтауларын аша алмайтындай етіп бұғаттау қажеттігі туралы ескертті. Мүмкіндігінше терезелерге металл торлар орнатқан абзал. Бұдан басқа, балалардың шомылу кезеңі барысында суға батып кетудің алдын алу бағытындағы жұмыстр жыл сайын мұқият атқарылуда.

2021 жылы 8 бала суға батып, көз жұмды. Осы жылдың өзінде 1 жасөспірімнен айырылып қалдық. Осыған байланысты шомылу кезеңінің алдында қауіпсіздікке бағытталған бірлескен іс-шаралар жоспары аудандық ТЖД-не тапсырылды. Адамдардың жаппай жазғы демалыс орындарында, өзендер, көлдер бойында және су айдындарының өзге де аймақтарында жеке құрамның күшімен жергілікті атқарушы органдардың, білім беру және аудандардың ТЖД өкілдерімен бірлесіп жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда, - деп атап өтті Нұркен Абдулин.

Сондай-ақ Жамбыл облысында жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы мәселесі қай кезде де қатаң бақылауымызда. Әкімдіктер, денсаулық сақтау және білім беру мекемелері психологтармен бірлесе отырып, жалпы білім беретін, орта арнаулы оқу орындары базасында суицид оқиғаларының алдын алу тақырыбында 108 сабақ өткізді.

Жауапты маманның айтуынша, былтыр аймақта суицидке қатысты 13 дерек тіркеліп, 7-еуі өліммен аяқталған. 2020 жылы 13 суицид оқиғасы орын алса, оның 6-уы қайғылы ахуалға әкелді. Өткен жылғы суицид оқиғаларының 5-еуін қыз бала жаса, 8-ін ұл балалар жасап отыр. Олардың 10-ы мектеп оқушылары, 3-уі колледж студенттері.

Биылғы 4 айда өз-өзіне қол жұмсаудың 5 дерегі тіркеліп, барлығы да өліммен бітті. Біздің тәжірибеміз көрсетіп отырғандай, жасөспірімдердің арасында суицид оқиғалары көп жағдайында жеткіншектердің әлсіз психологиялық жетілуінен, өмірлік қиын ахуалдарды шешу жолдарын білмегендігінен, отбасындағы дұрыс емес қарым-қатынастан туындайды, - деді Нұркен Ардашерұлы.

Өзгелердің жаңалығы