Бүгін Тараз өңірлік университетінің 200-ден астам қызметкері жалақыларының заңсыз қысқартылуына байланысты наразылыққа шықты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің шаруашылық-техникалық қызметкерлері қаңтар айындағы қосымша ақылары бойынша өз арыздарын айтып, талап-тілектерін жеткізуге жиналды.
Мемлекеттік оқу орнының техникалық қызметкерлері уәждерін айтып ректорға «қолдары жетпейтінін» айтады.
Еден жуушы, ұста, қойма қызметкерлері сынды ең аз айлық алатын азаматтар үшін бұл «жаңалық» төбелерінен жай түскендей әсер еткен. Өйткені, олардың айлық жалақылары әрқалай, 20, 40, 50 пайызға дейін қысқарып кеткен. Мысалы, осы уақытқа дейін 140 мың айлық алатын қызметкерге небәрі 70 мың теңге жалақы түскен.
Келіспеушіліктің туындауына қызметкерлердің 2023 жылға есептелетін қосымша ақыларының айлық жалақыларымен бірге түспегені себеп болып отыр. Ұжымдық шартқа сәйкес еңбекақы мен қосымша ақылар келесі айдың 10-на дейін жіберілуі тиіс.
Университет ректоры Мұхтар Байжұманов қызметкерлердің талап-тілегін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.
Еден жуушылардың қосымша ақысы бүгін (31.01.2023) сағат 12.00-де түсті, ал басқа жұмысшылардың қосымша ақылары ертең (01.02.2023) 12.00-ге дейін есеп-шоттарына жіберіледі, - делінген жауапта.