Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысында карантиндік шаралардың сақталуын бақылау күшейтілуде. Күн сайын әкімдік, полиция, санитариялық қызмет, қоғам және БАҚ өкілдері енген мобильді топтар көңіл көтеру орындарына рейдтер өткізіп, карантин режимін бұзушыларды анықтауда.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тараз қаласындағы қонақ үйлердің бірінде карантин талаптарының бұзылуы анықталған. Онда бір топ адам спиртік ішімдік ішіп, бассейнге түсіп демалған.
Осындай жағдай облыс орталығындағы мейрамханалардың бірінде де орын алған. Мекеме басшылығы рейд тобын көре сала, 40-қа жуық клиентті үш VIP-кабинкаға жасыруға тырысқан. Нәтижесінде олардың ауру жұқтыру қаупін жоғарылатқан. Тексерушілерге есіктерді ашу үшін құтқарушылардың көмегіне жүгінуге тура келген, - делінген хабарламада.
Осындай бұзушылықтар қаладағы басқа да ойын-сауық орындарында да кездескен. Рейд нәтижесінде бір түнде шамамен 2 млн теңге айыппұл салынып, хаттамалар толтырылды.
Сондай-ақ, мобильді топтар карантин кезеңінде қоғамдық тамақтану объектілерінің санитарлық-эпидемиологиялық талаптары мен жұмыс жағдайларын белсенді түрде түсіндіруде.
Азаматтар бұл рейдтердің негізгі мақсаты айыппұл салу емес екенін түсінуі керек. Қазіргі эпидемиологиялық жағдай халықтың карантин шараларын барынша ұстануға міндетті екендігін көрсетуде. Күн сайын көптеген адам коронавирустың құрбанына айналуда. Олардың ішінде өзіміздің туыстарымыз, достарымыз бен таныстарымыз да болуы мүмкін. Әр адам өз әрекеті үшін жауап беруі керек. Өзімізді сақтап, айналамызға қауіп төндірмеуіміз керек. Біз олар үшін жауапкершілігімізді сезінуіміз тиіс, - дейді Жамбыл облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ғазиз Надуев.