Астана,BAQ.KZ. Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қаласындағы көпқабатты үйде орын алған жарылыстан қайтыс болған Бексұлтан Темірханұлының отбасына арнайы барып көңіл айтты.
Жамбыл ауданына барып жаназаға қатысқан облыс әкімі марқұмның ата-анасы, туған-туыстары мен бауырларына жолығып, қайғылы жағдай барша қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырып отырғанын жеткізді.
Кеше таңғы сағат 06:21-де Тараз қаласы №9 «Мыңбұлақ» ықшам ауданындағы 62-ші үйде жарылыс орын алып, салдарынан сегіз адам жапа шегіп, оның үшеуі қаза тапқан болатын.
«Қазіргі кезде облыс әкімдігінің қолдауымен зардап шегушілерге барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Апат болған үйдің 100-ден астам тұрғынына №47 мектепте ыстық тамақ беріліп, психологиялық-медициналық көмектер көрсетілуде. Сондай-ақ, зардап шегушілер қаладағы № 13 «Бәйтерек» мөлтек ауданындағы көпқабатты үйдегі бір подъездегі бос пәтерлерге уақытша орналастырылды. Олардың жағдайы тұрақты бақылауда. Сондай-ақ, қаза болғандардың отбасына 1 миллион теңгеден ақшалай көмек берілді. Қазіргі таңда, оқиғаға байланысты құрылған арнайы комиссия зерттеп-зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Барлық шығындар анықталған соң, жапа шеккендерге толығымен қажетті көмектер көрсетілетін болады», деп мәлімдеді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бүгін таңғы сағат 06:21-де Тараз қаласындағы 9-шағынаудан, 62-үй, 4-подъездегі жарылыстың салдарынан 1-3 қабаттың опырылуы орын алды. ҚР ІІМ ТЖК күштері оқиғаға қажетті мамандар мен техниканы жұмылдырып, үй тұрғындарының барлығы қауіпсіз жерге көшірілді. Тараздағы оқыс оқиға жөнінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Премьер-министр Асқар Мамин шұғыл түрде баяндап, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылды. Және Тараздағы жарылыс құрбандарының отбасына 1 млн теңгеден берілетінін хабарлаған болатынбыз.