Таразда үйі өртеніп кеткен отбасыға жаңа баспана берілді

28 Шілде 2020, 19:02
1834
Бөлісу:
Таразда үйі өртеніп кеткен отбасыға жаңа баспана берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еске салсақ, биыл 1 маусым күні оқыстан шыққан өрт салдарынан үйі толығымен жанып кеткен тараздық Мария Кириакиди кәмелетке толмаған үш баласымен бірге далада қалған болатын. 

Бұл оқиға туралы хабар әлеуметтік желілерде жедел тарап, көптеген қамқор жан отбасының қиын халіне алаңдаушылық білдіріп, жанашырлық танытқан еді. 

Өрт сөндірушілер өрттің электр желілеріндегі ақаудан орын алғанын, жану аумағы 100 шаршы метрді құрағанын анықтады. Абырой болғанда, әйел мен балалар тілсіз жаудан аман қалған. Әйтпесе, үйдегі барлық зат, жиһаз, ақша және құжат түгел жанып кеткен. Қиын жағдайға тап болған жалғызбасты ана қала тұрғындарынан көмек сұрады. Еріктілер оқиға туралы ақпаратты әлеуметтік желілерде таратуға көмектесіп, зардап шеккен отбасы үшін көмек жинады.

Қайырымды жандардың арқасында зардап шеккендерге алғашқы қолдау көрсетілді. Өз есімін жасырғысы келген тараздық кәсіпкерлердің бірі аталған отбасының мүмкіндігінше тезірек үйлі болуына көңіл бөлді. Ол жеке қаражатынан 9,2 миллион теңгеге төрт бөлмелі үй сатып алып беріп, бүгінде үй-күйсіз қалған әйел бала-шағасымен бірге сонда тұрып жатыр. Оның орнына Мария барлық құжат қалпына келтірілгеннен кейін, өзінің өртенген үйі орналасқан жер телімін кәсіпкерге береді. 

 Мен бұл ұсынысқа қуана келістім, өйткені өрттен кейін үйімізді өз бетімізше қалпына келтіре алмас едік. Күйеуім қайтыс болған, екі ұл мен бір қызымды өзім жалғыз тәрбиелеп отырмын. Бізге жаңа үй қатты ұнады. Енді балалардың өздерінің армандаған жеке бөлмелері болады. Қазіргі таңда өміріміз біртіңдеп жақсарып келеді. Қайырымды адамдар күн сайын қоңырау шалып, көмек ұсынуда. Біреулері киім мен аяқ киім, енді біреуі жиһаз бен құрал-жабдықтар әкеп беруде. Азық-түлікпен де көмектесуде. Мысалы, ұйғыр этномәдени орталығының өкілдері оқиға орын алған кезден бастап қол ұшын созуда. Біз барлығына үлкен алғысымызды білдіреміз. Біздің қаламызда қиын сәттерде көмекке келуге дайын көптеген мейірімді, кішіпейіл адам бар екенін сезіну үлкен қуаныш, - деді Мария Кириакиди.

Сондай-ақ әйел қала әкімдігінің көрсеткен қолдауын айрықша атап өтті. Әкімдік қызметкерлері бұл отбасының баспанасыз қалмауына өз деңгейінде атсалыса білген. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы отбасына 277 мың теңге көлемінде материалдық көмек төленген. "Жасыл Ел - Тараз" ЖШС-нің қызметкерлері Марияның ауласын абаттандыруға, ескі ағаштарды бұтауға, қоршауды сырлауға тегін көмектескен.

Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Марияға құжаттарды қалпына келтіруге барлық тиісті көмек көрсетіледі.

Өзгелердің жаңалығы