Жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың 177 жылдығына орай Тараз қаласында өткен «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» республикалық ақындар айтысы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Облыс әкімдігінің қолдауымен мәдениет, архивтер және құжаттама басқарамасы ұйымдастырған айтыс барысында еліміздің әр өңірінен келген 20 ақын өзара сөз сайыстырып, бақ сынасты.
Қазылар алқасының шешімімен жоғары өнер көрсеткен 4 ақын финалдық кезеңге өтіп, екі жұп болып өнер көрсетті.
Тартысты өткен шаппа-шап өлең-сөз сайысына белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай төрағалық еткен қазылар құрамы баға берді. Олардың шешімімен бас жүлдені (1 миллион теңге) жамбылдық жас ақын, 10-сынып оқушысы Алина Айдаралы жеңіп алса, Абай облысынан келген Рүстем Қайыртайұлы бірінші орынға (800 мың теңге) лайық деп табылды.
Ал, жүлделі екінші орынға (600 мың теңге) оралдық Жансая Мусина, үшінші орынға (500 мың теңге) қызылордалық Нұрмат Мансұров ие болды.