Тараз қаласында кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен экономикалық саясаттың өзекті мәселелеріне арналған кездесу өтті. Іс-шараға Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, сондай-ақ Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің өкілдері қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында қатысушылар жаңа Салық кодексінің негізгі нормаларын, тарифтік саясаттың ерекшеліктерін, сондай-ақ жанармай мен коммуналдық қызметтерге баға белгілеу қағидаттарын талқылады.
Мемлекеттік органдардың өкілдері кәсіпкерлерге экономикалық саясаттың алдағы бағыттарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, бизнесті қолдау шараларына тоқталды.
Кездесу соңында қатысушылар өзекті мәселелер бойынша сұрақтарына жауап алып, ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ, бизнес пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі жетілдірудің жолдары айқындалды.