Таразда автосалон менеджері 334 млн теңгені жымқырған: Сот жазаны күшейтті

Таразда автосалонның сату бөлімінің басшысы 334 млн теңгені жымқырғаны үшін 8 жылға сотталды. Прокуратура наразылығынан кейін жаза күшейтілді.

Бүгiн 2026, 13:43
АВТОР
 pexels.com Бүгiн 2026, 13:43
Бүгiн 2026, 13:43
138
Фото: pexels.com

Тараз қаласында автосалонның сату бөлімін басқарған 25 жастағы азамат аса ірі көлемде алаяқтық жасап, 334 млн теңге шығын келтіргені үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды  BAQ.KZ тілшісі.

Іс материалдарына сәйкес, күдікті клиенттердің сеніміне кіріп, олардың көліктерін заңсыз сатып, қаражатты жеке қажеттілігіне жұмсаған. Мәселен, ол құны 90 млн теңге тұратын жол талғамайтын көлікті жаңасына айырбастап беремін деп уәде етіп, автокөлікті сатып жіберген. Ал түскен қаржыны иемденіп, клиентке автосалонға тиесілі 83 млн теңге тұратын жаңа көлікті басшылықтың келісімінсіз берген.

Сонымен қатар, айыпталушы автосалонға сатуға қалдырылған жалпы құны 68 млн және 34 млн теңге болатын көліктерді де сатып, ақшасын қалтасына басқан. Бұдан бөлек, компанияға тиесілі жаңа Toyota Land Cruiser автокөлігін 59 млн теңгеге төмен бағамен сатып жіберген.

Бастапқыда бірінші сатыдағы сот оны кінәлі деп танып, 5 жыл 1 айға бас бостандығынан айырған. Бұл жаза заңда белгіленген ең төменгі шектен (7 жыл) төмен болған. Сот оның жасын және кінәні ішінара мойындауын жеңілдететін жағдай ретінде есепке алған.

Алайда прокуратураның наразылығынан кейін кассациялық сот үкімді қайта қарап, жазаны 8 жылға дейін күшейтті. Себебі келтірілген шығын толық өтелмеген.

Қадағалау органдары азаматтарды автокөлік сатып алу кезінде аса мұқият болуға шақырады. Атап айтқанда, келісімшарттарды жіті тексеріп, төлемнің компания шотына түскеніне жеке көз жеткізу қажет.

Айта кетейік, бұған дейін сот автосалонды сапасыз көлік үшін ақшаны қайтарудан бас тартқаны үшін жауапкершілікке тартқан болатын. Тұтынушы сатып алған EXEED VX көлігінде ақау анықталғанымен, сатушы тарап ауыстыру немесе қаражатты қайтарудан бас тартқан. Нәтижесінде сот автосалонды 21,9 млн теңгені қайтаруға, 100 мың теңге моральдық өтемақы және 870 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттеген.

Наверх