Тараз вокзалында кассир алаяқтық жасағаны үшін сотталды

Сот үкімімен айыпталушыға 248 430 теңге көлемінде айыппұл салынды.

 istockphoto.com Кеше 2026, 23:55
Кеше 2026, 23:55
206
Фото: istockphoto.com

Тараз қаласының №2 соты теміржол вокзалындағы билет кассасының кассирін қызметтік жағдайын пайдаланып бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды.

Сот материалдарына сәйкес, кассир жолаушыларға жол жүру құжаттарын рәсімдеу кезінде тікелей рейс билеттерінің орнына маршрутты бірнеше бөлікке бөліп сатқан. Нәтижесінде билет құнының айырмасын заңсыз иемденіп отырған. Оның әрекетінен үш жолаушыға материалдық шығын келген.

Іс бойынша мемлекеттік айыптауды көлік прокуратурасы қолдады.

Сот үкімімен айыпталушыға 248 430 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар оған үш жыл мерзімге ақшалай қаражат пен материалдық құндылықтарға қатысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.

Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, көлік саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Наверх