Нью-Йоркте ер адам Бруклин көпіріне Қазақстан туын байлап, суға секіріп кетті

Нью-Йорктегі оқиға: 85 метр биіктіктен секірген ер адам аман қалды.

3 Тамыз 2026, 19:37
АВТОР
 X/@m_alejandr07 3 Тамыз 2026, 19:37
3 Тамыз 2026, 19:37
166
Фото: X/@m_alejandr07

Нью-Йоркте 44 жастағы ер адам Бруклин көпірінің төбесінен секіріп кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ New York Post басылымына сілтеме жасап.

Оқиға жексенбі, 2 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат 14:30 шамасында болған. Нью-Йорк полициясының мәліметінше, ер адам Бруклин көпірінің Манхэттен жағындағы солтүстік мұнарасына шығып, бірнеше ту байлаған, содан кейін шешіне бастаған.

Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері оны қауіпті әрекеттен қайтаруға тырысқанымен, ол ескертулерге құлақ аспаған. Содан кейін 85 метрдей биіктіктен төменге секірген.

«Жігіт көпірдің төбесінен тыр жалаңаш шешініп тастап секірді», – деп жазды оқиға орнынан видео жариялаған X әлеуметтік желісінің қолданушыларының бірі.

Кадрлардан ер адамның құлап бара жатқанда басынан жоғары киімге немесе сөмкеге ұқсас, қолдан жасалған парашютті еске түсіретін затты ұстап тұрғаны көрінеді.

Полиция қызметкерлері ер адамды Ист-Ривер суынан тез арада алып шықты. Ол NYC Health + Hospitals Bellevue ауруханасына жеткізілді. Жапа шегушінің жағдайы тұрақты деп бағалануда.

БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, ер адамның көпірге байлаған туларының бірі Қазақстан туы болған. Екіншісі – түрлі сөздер жазылған мата, бірақ оның мазмұнын бірден анықтау мүмкін болмады.

Ер адамның бұл әрекетке бару себептері мен Қазақстанмен ықтимал байланысы әлі белгісіз. Полиция оқиға кезінде оның есі дұрыс емес күйде болғанын хабарлады.

Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Ер адамның қай елдің азаматы екені әлі анықталған жоқ.

Наверх