Тараз қаласының тұрғыны Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаевтың атына алғыс хат жолдап, пәтер ұрлығын жедел ашып, ұрланған зергерлік бұйымдарды қайтарып берген полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жәбірленушінің айтуынша, оның пәтерінен 11 алтын әшекей бұйымы, оның ішінде гауһар тастары бар қымбат бағалы зергерлік заттар ұрланған.
Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері жедел-іздестіру және тергеу шараларын жүргізіп, пәтер ұрлығын жасады деген күдіктіні ізін суытпай анықтады. Күдікті Алматы қаласында жасырынып жүрген.
Тәртіп сақшыларының жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде ұрланған барлық зергерлік бұйымдар табылып, заңды иесіне қайтарылды.
Полиция қызметкерлерінің қаншалықты жылдам әрі кәсіби жұмыс істегеніне таңғалдым. Күдікті басқа қалада болғанына қарамастан, олар оны жедел анықтап, барлық әшекейлерімді қайтарып берді. Атқарған еңбектері үшін шын жүректен алғысымды білдіремін, - деді Тараз қаласының тұрғыны.
Алғыс хатында ол, сондай-ақ, тергеуші Жақсылық Нұркеннің, жедел уәкіл Асхат Иманәлиевтің және Тараз қаласы ПБ Әулие-Ата АПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы Асылбек Әбдірайымовтың кәсібилігін ерекше атап өтті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, боранда жылқыны құтқару үшін үш шақырым жүгіріп өткен құтқарушының әрекеті елді сүйсінтті.