Астанада ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына түсіремін деп уәде берген алаяқ ұсталды. Күдікті абитуриенттен 480 мың теңге алып, байланысқа шықпай кеткен. Полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Күдікті «жоғары лауазымды таныстарым бар» деген классикалық алаяқтық схеманы пайдаланып, абитуриенттерге ресми емтихандарды тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына оқуға түсуге кепілдік берген.
Ол жәбірленушіні университет басшылығымен жеке байланысы бар екеніне сендіріп, қабылдау емтихандарынсыз-ақ оқуға орналастырып бере алатынын айтқан.
Сенімге кірген азамат күдіктінің шотына банк қосымшасы арқылы 480 мың теңге аударған. Алайда ақша алған соң «көмекші» байланысқа шықпай кеткен, ал уәде етілген оқуға түсу жүзеге аспаған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар тәртіп сақшылары ұсталған азаматтың елорда аумағындағы өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.
Құқық қорғау органдары азаматтарды жоғары оқу орындарына қабылдау тәртібін қатаң сақтауға шақырады. Университетке түсу тек ҰБТ нәтижелері немесе жоғары оқу орнының ішкі емтихандары арқылы және мемлекеттік деректер базасында тіркеу негізінде жүзеге асырылады. Ақша үшін «көмек көрсетемін» деген кез келген ұсыныс заңсыз болып саналады және алаяқтық немесе пара беру ретінде бағаланады.
Осыған ұқсас жағдай Ақтөбедеде орын алды. Мектеп мұғалімі ҰБТ-дағы әр балл үшін ата-анадан 7 мың теңге алып, оқушыларға кем дегенде 80 балл уәде еткен.