Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ тілінің байлығын паш ететін «1 минут» атты тележоба көрермендерге жол тартады. Бүгін Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында тележобаның таныстырылымы өтті.
«1 минут» танымдық тележобасы қыркүйек айының алғашқы сенбі-жексенбі күндері «Астана» телеарнасынан көрсетіле бастайды.
Бұл жобаның өзге жобалардан ерекшелігі неде?
Ел телеарналарын ток-шоулар жаулап алды. Көрерменге зияткерлік, танымдық дүниелерді ұсынғымыз келді. «Тіл-Қазына» орталығының мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, танымдық бағытын арттыру туралы идеясы көңілімізден шықты. Дәл осындай жанрдағы бағдарлама қажет еді. Содан оның форматы жөнінде іздене бастадық. Бірнеше шетелдік, ресейлік бағдарламаны қарадық. Соңында «Что? Где? Когда?» интеллектуалдық ойынының аналогі екі командаға бөлініп ойнайтын Брейн-рингтің форматын таңдадық, - дейді жоба жетекші Нартай Аралбайұлы.
Жобаны әзірлеу барысында көрерменді жалықтырып алмау жағы мұқият ескерілді. Сол себепті әзіл-әңгімелер, танымдық сұрақтар мен қызықты тарихи деректер көбірек қолданылды. Мұндағы мақсат - көрерменнің талғамын тәрбиелеп, тарих, мәдениет, әдебиет тақырыптарына да қоғам назарын аудару.
Тым пафостық атауға жоламай, бағдарламаны «1 минут» деп атауды жөн көрдік. Өйткені жауап беруге берілетін уақыт сол. Бағдарламаның түсіріліміне 80 шақты адам қатысты. Олардың ішінде шоу-бизнес өкілдері, актерлер, ғалымдар бар. Осы бағдарлама арқылы олар да өздерін басқа қырынан көрсете білді. Мысалы, әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың көптеген тарихи сауалға мүдірмей жауап бергеніне көбіміз таңдай қақтық, - дейді жоба жетекшісі.
Бағдарлама Тіл саясаты комитетінің қолдауымен түсірілгенін атап өткен жөн. Комитет төрағасының орынбасары Әділбек Қаба жобаның таныстырылымы Тілдер күніне және Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орайластырылғанын атап өтті.
Әлемде 14 күнде бір тіл жойылып отырады екен. Ол тілдердің жойылуына не себеп? Халқының сол тілде сөйлемеуі, жиналыстардың сол тілде өткізілмеуі, заңдардың сол тілде шықпауы, жастардың тілді менсінбеуі. Бір сөзбен айтқанда, қолдану қажеттілігі болмаған соң жойылады. Осының алдын алу үшін әрбіріміз өз тілімізді, ділімізді өзіміз білуіміз керек. Бұл жоба да көрермен ынтасын оятып қана қоймай, тіліміздің байлығын паш етуге үлес қосады деп ойлаймын, - деп атап өтті ол.
Таныстырылым барысында бағдарлама соңында жеңімпаз атанған команданы марапаттау рәсімі де өтті. Бірнеше кезеңдік сыннан сүрінбей өткен - ақын Жанат Әскербекқызы бастаған топ болып шықты.
Сауалдар оңай болмады. Тіл мен әдебиетті жақсы білемін деген өзім біраз қиналдым. Сауалдар өте сауатты даярланған. Орталық мамандарының жақсы жұмыс істегені көрініп тұр, - дейді ол.
«Мың рет айтқаннан, бір рет көрген артық». Діліміз бен тарихымыз жайлы тың ақпаратқа қанығып, өзіңіздің де зияткерлік деңгейіңізді сынағыңыз келсе, «1минутқа» уақытыңызды бөліңіз.