Танымал қазақстандықтар Конституцияның жаңа жобасын қолдады

Қазақстандық танымал өнер адамдары 15 наурызды елдің болашағы айқындалатын маңызды күн деп есептейді.

 ©BAQ.KZ коллажы Кеше 2026, 16:10
Кеше 2026, 16:10
903
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Республикалық референдум қарсаңында бұл бастаманы әр буынның пікір көшбасшылары қолдауда. Ел намысын халықаралық ареналарда қорғап жүрген қазақстандық спортшылар да, мәдениет пен өнер саласының өкілдері де бұл тарихи кезеңге бей-жай қарамай, азаматтарды белсенді ұстаным танытуға шақырып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Олардың айтуынша, алда өтетін саяси оқиға жай ғана дауыс беру рәсімі емес, елдің болашағы үшін жауапкершілік жүктейтін маңызды таңдау.

Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай әл-Тарази де референдумның тарихи мәніне тоқталды. Оның айтуынша, бұл оқиға мемлекеттіліктің болашағына тікелей әсер етеді.

15 наурызда елде ұлы жаңалық болғалы тұр. Мемлекеттігіміздің ерекше мәні бар. Жаңа Ата Заңымызды қабылдаймыз. Бұл Ата Заңның әр бабы жайлы халық өз ойын айтып жатыр, – деді ол.

Оның айтуынша, халықтың пікірі ескеріліп жатыр.

Көп мәселемен қосыламын және оны комиссия мүшелері көбін қабылдауда. Референдум – елдегі ең ерекше оқиға болады деп ойлаймын. Өйткені бұл жолы ортақ Ата Заңға қарай өзгеріп, әділдік болады. Халық үшін, ел мен мемлекет үшін бұл үлкен мәнге ие, – деді Тұңғышбай әл-Тарази.

Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева да референдумның маңызын атап өтіп, азаматтарды белсенді болуға шақырды.

15 наурыз – еліміз үшін маңызды күн. Келіп, өз таңдауларыңызды жасаңыздар, – деді ол.

Қазақстанның Халық әртісі Айгүл Үлкенбаева 15 наурызда өтетін референдумның тарихи маңызына тоқталып, жаңа Конституция жобасының мәдениет пен ұлттық құндылықтарды қорғаудағы рөлі ерекше екенін атап өтті.

15 наурыз – референдумда Конституция жобасына дауыс беретін күн! Заман күнде өзгеріп жатыр, біз де жақсы өзгерістер күтеміз. Жаңа Конституция жобасында ұлттық құндылықтардың дәріптелуі, тарихи-мәдени мұраны қорғауға басымдық берілуі, шығармашылық еркіндік секілді аса маңызды ұғымның осындай биік деңгейге, конституциялық деңгейге көтерілуі біз үшін аса маңызды! – деді ол.

Оның айтуынша, бұл нормалар тек қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты өмірде жүзеге асуы тиіс.

Енді осы талаптардың бәрі сөз жүзінде қалмай, заңдар мен құжаттар арқылы нақтыланып, өмір салтына айналуы тиіс. Оның өзі мәдениетіміз бен өнеріміздің одан сайын дами түсуіне жаңаша қарқын береді деп сенемін, – деді өнер иесі.

Айгүл Үлкенбаеваның пікірінше, қоғамда шешімін күткен мәселелер де аз емес.

Бүгінде ескі Қазақстаннан мұра болып қалған, әлі де өз шешімін таба алмай келе жатқан проблемалар аз емес. Соның ең бастысы – күрделі экономикалық реформалар жасау арқылы қарапайым халықтың жағдайын жақсарту, – деді ол.

Сондай-ақ ол Конституция жобасы мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.

Конституция жобасы саяси тетіктер арқылы мемлекеттік органдардың жауапкершілігін, олардың қызметінің нәтижелігін арттыру тиіс. Ол үшін мықты да ықпалды Парламент (Құрылтай) керек. Алдағы референдумда әрбір азамат өз жауапкершілігін сезініп, таңдауын жасаса, Жаңа Конституциямыз шынымен де Халықтық Конституция болмақ, – деді Айгүл Үлкенбаева.

Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетова референдумның мәні тек заңға өзгеріс енгізумен шектелмейтінін айтты.

Оның пайымдауынша, бұл – елдің келешегіне қатысты маңызды шешім.

Қазақстан үшін бұл референдум тек заңға өзгеріс енгізу емес, болашаққа деген жауапкершілікті таңдау деп ойлаймын. Ал болашақ дегеніміз – тұрақтылық, даму және бірлік, – деді ол.

Ол әр азаматтың референдумға қатысуы – келешек ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің көрінісі екенін атап өтті.

Менің ойымша, референдум – тек бүгінгі күннің мәселесі емес, ол келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Сондықтан референдумға бей-жай қарамай, саналы түрде қатысу әр азаматтың болашақ алдындағы парызы, – деді Айжан Нұрмағамбетова.

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әртіс Марал Анарбек елдің болашағы ең алдымен бірлікке байланысты екенін айтты.

Көк аспанда күніміздің жарқырауы, болашағымыздың жарқын болуы – ең әуелі бірлікте. Сол бірлігімізді сақтай отырып, ортақ мақсат жолында жұмыла білсек, алмайтын қамал жоқ, – деді ол.

Оның айтуынша, алдағы референдум – ел тарихындағы маңызды кезең.

Конституциядағы өзгерістер, 15 наурызда өтетін референдум – бұл ел болашағына деген маңызды тарихи қадам. Бүгінгі таңда біз жаңарулар мен өзгерістер кезеңінде өмір сүрудеміз. Референдум арқылы сол өзгерістер мен жаңаруларға Қазақстанның азаматы ретінде өз үлесімізді қоса аламыз, – деді өнер иесі.

Жазушы, қоғам қайраткері Смағұл Елубаев жаңа Конституцияның ерекшеліктеріне тоқталды. Оның айтуынша, бұл құжат халықтың қатысуымен дайындалған.

15 наурыз күні өтетін референдум – ел болашағына жасалған маңызды қадам. Бүкіл халық болып жаңа Ата Заңымызды қабылдағалы отырмыз, – деді ол.

Ол жаңа Конституцияның мазмұнына да назар аударды.

Оны жаңа дейтін себебіміз не? Өйткені, бұл ең біріншіден, мемлекеттік тілде жазылды. Мыңдаған адамның пікірі оқылды, ескерілді. Жаңа Ата Заңымыздың әлеуметтік беті айқындалды, яғни халыққа жақындай түсті, – деді Смағұл Елубаев.

Осылайша, мәдениет пен өнер саласының танымал өкілдері алдағы референдумды ел болашағына әсер ететін маңызды тарихи кезең ретінде бағалап отыр. Олардың айтуынша, бұл тек заңды қабылдау рәсімі ғана емес, қоғамның дамуына, ұлттық құндылықтарды нығайтуға және мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған шешуші қадам. Өнер қайраткерлері әр азаматтың бұл үдеріске белсенді қатысуы елдің болашағын бірге қалыптастырудың маңызды көрінісі екенін атап өтті.

Наверх