Сурдо жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Фархад Қыстаубаев қайтыс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қаралы хабарды Дене мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған спорттық даярлау орталығы ресми парақшасында жариялады.
Фархад Қыстаубаев Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Ол 2022 жылы Бразилияда өткен XXIV жазғы Сурдлимпиада ойындарында онсайыс бойынша чемпион атанып, 110 метрге кедергілер арқылы жүгіруде қола жүлдеге ие болған.
Спортшы халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарда бірнеше рет топ жарып, жүлделі орындарға көтерілген. Ол әлемдік ареналарда Қазақстанның намысын абыроймен қорғаған спортшылардың бірі еді.
Спорт қауымдастығы Фархад Қыстаубаевтың дүниеден өтуін ауыр қаза ретінде қабылдап, оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.