Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Композитор Джоэль Даймонд Ресейден келіп Лос-Анджелес метросында ән айту арқылы өз нәпақасын тауып жүріп, аты шыққан үйсіз эммигрантқа келісімшарт ұсынды, деп хабарланды TMZ.COM сайтында.
Джоэль Даймонд «Грэмми» жүлдесінің номинациясына екі мәрте ұсынылған танымал продюсер, әрі композитор.
Даймондтың айтуынша, ол Эмили Замуркамен бірлесіп классикалық және электронды-би музыкасы жанрлары араласқан жаңа хит жазуға үмітті.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Лос-Анджелес полициясы метро алаңында үйсіз-күйсіз жүрген бейтаныс әйелдің ән шырқап тұрған видеосын жариялаған болатын. Онда ол италиялық композитор Джакомо Пуччинидің «Джанни Скикки» операсынан ария орындаған. Бейнеролик Желіде қасқағым сәтте тез тарап кеткен.
4 million people call LA home. 4 million stories. 4 million voices...sometimes you just have to stop and listen to one, to hear something beautiful. pic.twitter.com/VzlmA0c6jX
— LAPD HQ (@LAPDHQ) 27 сентября 2019 г.
Панасыз жүрген әнші 1990 жылдардың басында АҚШ-қа көшіп келген 52 жастағы ресейлік Эмили Замурка болып шықты. Әйелдің сөзіне сүйенсек, ол телебағдарламалардағы опера әншілеріне еліктеп ән айтуды үйренген екен. Замурка өзінің алдымен Миссуриде тұрғанын, онда қарттар үйінде және мейрамханаларда жұмыс істегенін, содан кейін Вашингтон штатына көшіп, шіркеуде фортепианодан сабақ бере бастағанын айтты.
Алайда, көп ұзамай денсаулығы сыр беріп және бірқатар қаржылық қиындыққа тап болуына байланысты әйел баспанасыз қалған. Содан бері ол далада түнеп, мемлекет тарапынан төленетін айына 400 доллар көлемінде әлеуметтік төлеммен өмір сүріп келген. Әйелге көмек қолын созу мақсатында полиция қалалық кеңеспен бірлесіп қайырымдылық қорын құрып, 45 мың доллардан астам қаражат жинап берген.