Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Танымал блогер Ерболат Жанабылов Нұр-Сұлтандағы коменданттық сағатты бұзған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан комендатурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Түнгі сағат 01:30-да Мәңгілік ел мен Ұлы дала көшелерінің қиылысында полицейлер бір көлікті тоқтатқан. Көлікте тағы екі жолаушы болған.
Мән-жайды анықтау барысында 26 жастағы жүргізушінің блогер екені анықталды, ол достарымен кездескеннен кейін үйіне қарай бет алғанын түсіндірді.
Коменданттық сағатты бұзғаны үшін азаматтар Есіл аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Олардың барлығы ӘҚБтК-нің 476-бабының 10-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен тәртіп бұзушыларға 10 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды,- делінген хабарламада.
Айта кетейік, елордада 200-ге жуық адам төтенше жағдай режимін бұзды. Төтенше жағдай басталғаннан бері полиция қызметкерлері қылмысты жағдайды тұрақтандыру, қоғамдық тәртіпті, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың дер кезінде алдын алу және жолын кесу мақсатында жергілікті рейдтік іс-шаралар өткізіп жатыр.
Рейдтер барысында 2246 жалдамалы пәтер мен 221 жатақхана тексерілді. 525-ке жуық көші-қон заңнамасын бұзу фактілері анықталып, 36 заңсыз көшіп-қонушылар қабылдау орнына орналастырылды.
Елордада төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін ҚР ҚК 476-бабы бойынша барлығы 196 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 16 адам қамауға алынды, қалғандарына айыппұл салынады.
Елорда тұрғындары коменданттық сағатқа қарамастан көшеге шығуларын тоқтатпай жатыр. Олардың арасында тұрақты тәртіп бұзушылар да бар. Осы сағатта республика астанасында жағдай тұрақты. Құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіпті тиісінше қорғауды және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Нұр-Сұлтандағы жағдай толық бақылауда. Күдікті тұлғалар мен тыйым салынған заттарды анықтау үшін алты бақылау-өткізу пунктінде көліктердің қозғалысы тәулік бойы тексеріліп жатыр, - делінген хабарламада.