Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылдың тамыз айында қазақстандықтар екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пункттерінен жалпы салмағы 113,7 кг 2460 өлшенген құйма сатып алды.
Алтын құймалардың бес түрі ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында ең көп сұранысқа ие болғаны – 10 грамдық құйма. Оның жалпы сатылымдағы үлесі 29% – 18 267 дана. Одан кейін 100 грамдық құйма – 14 273 дана (23%) және 20 грамдық құйма – 12 314 дана (20%), 5 грамдық құйма – 10 376 дана (16%), 50 грамдық құйма – 7 608 дана (12%). Негізінен, өлшенген құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында сұранысқа ие, - дейді банк баспасөзі.
Алтын құймалар сенімді инвестициялық құрал бола алады. Банктер мен банктік емес айырбастау пункттерінің клиентке ақшасын төлеп, құймаларды «күнбе-күн» сатып ала алатын мүмкіндігі – алтын құймалар нарығының өтімділігін қамтамасыз етуде негізгі факторға айналып отыр.
Әр құйма қорғаныс элементтерімен (құймалардың айна беті, микротекст және рельефтің шеті), құймаларды механикалық зақымданудан қорғайтын және пакеттің ашылған-ашылмағанын тексеруді жеңілдететін арнайы қаптамамен шығарылады. Қорғаныс қаптамасы, сонымен қатар құйманың сапа сертификаты бола алады. Сондықтан құйманы сақтағанда мұқият болып, ораманы ашпаған жөн.
Қазіргі уақытта алтын құймаларды Halyk Bank-те, Еуразиялық банкте, Jusan Bank-те, Банк ЦентрКредитте, сондай-ақ банктік емес айырбастау пункттерінде сатып алуға және сатуға болады.