Тамыз айында бетперде шығаратын түркиялық зауыт құрылысы аяқталады – ҚР ИИДМ

23 Маусым 2022, 22:45
1237
Бөлісу:
Тамыз айында бетперде шығаратын түркиялық зауыт құрылысы аяқталады – ҚР ИИДМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев «MFA International» ЖШС мен «ATM Construction & Investment» ЖШС зауыттарының құрылысымен танысты, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Ведомство басшысы бірінші аялдаған «MFA International» ЖШС зауыты медициналық бетперделер мен ауа тазартатын респираторлар өндіреді. «Астана – жаңа қала» АЭА индустриялық паркі аумағында орналасқан түркиялық кәсіпорынның құрылысы биыл тамыз айында толығымен аяқталмақ.

Жобаның алғашқы кезеңінде Z-267 сериялы қорғаныш деңгейі жоғары бетперде шығару көзделсе (жылына 2,5 млн дана бетперде), кәсіпорын толық іске қосылғанда Prestij (P-267V) сериялы медициналық маска өндіру жоспарланған (жылына 10 млн дана бетперде). Жобаның жалпы құны – 2,1 млрд теңге.

Ал терезе, медициналық құрал-жабдықтар, кеңсе жиһаздары мен металл бұйымдарын өндіретін «ATM Construction & Investment» ЖШС зауыты 2022 жылдың қыркүйек айында іске қосылмақ. Кәсіпорын «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Жалпы құны 22 млрд теңгені құрайтын зауыт толық іске қосылғанда 500 жаңа жұмыс орны пайда болады деп күтілуде. Жоба жалпы аумағы 17 мың шаршы метр аумақтағы бес негізгі өндірістік кешеннен тұрады.

ҚР ИИДМ басшысы инвесторлармен және құрылысқа жауапты тұлғалармен кездесіп, кәсіпорындардың халық игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді, – делінген министрліктің таратқан ақпаратында.

Өзгелердің жаңалығы