Атырау қаласындағы «Талғайран» ықшам ауданында су жаңа мектеп құрылысы басталды. Білім ордасының жалпы аумағы 3 гектар, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Оның 1 гектардан астам жеріне мектеп ғимараты салынады.
Нысан бастауыш, орта және жоғары сынып оқушыларына арналып 3 блокқа бөлінбек. Мектепте сыйымдылығы 25 оқушыға шақталған 36 оқу бөлмесі болады.
Білім алушылардың түрлі үйірмеге қатысулары үшін де жағдай жасалады. Ғимарат ішінде ер балалар мен қыздарға арналған шеберханалар, 2 кітапхана, 2 спорт залы мен 210 орындық акт залы қарастылады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының алдымызға қойған міндеттері бар. Ол апатты жағдайда тұрған мектептерді жою. Үш ауысымдық мектептерді жою. Бұл жөнінде түбегейлі шешім қабылдап, осы мәселелердің барлығын шешу жөнінде алдымызға тапсырма қойған. Осы мәселелердің барлығын тек қана бюджеттің қаражатынан ғана емес, сонымен қатар демеушілердің көмегімен жою жөнінде іс-шаралар қабылданған болатын. Соның бірі КҚК-мен бірлескен демеушілігінің арқасында Талқайраң шағын ауданында 900 орындық мектептің іргетасы қаланбақшы, - дейді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Заманауи үлгідегі 900 орындық мектеп құрылысы 2024 жылдың шілде айында аяқталып, тұрғындар игілігіне беріледі. Бұл облыстағы үш ауысымды білім ордаларының мәселесін шешуге де көмек болмақ. Бүгінде өңірде үш ауысымды 11 мектеп бар.