Талғат Нәрікбаев қазақстандық білім жүйесіндегі өзекті проблеманы атады

2 Сәуір 2021, 13:50
2267
Бөлісу:
Талғат Нәрікбаев қазақстандық білім жүйесіндегі өзекті проблеманы атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық білім жүйесіндегі кадрлық мәселелер жайлы КАЗГЮУ Университетінің Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев пікір білдірді. Бұл туралы КАЗГЮУ университетінің баспасөз қызметі қызметі хабарлады.

Кадрларды дайындау мәселесі бірінші орында тұруы керек. Яғни жоғары оқу орындарында оқытушы мамандығы беделді болуы тиіс. Сонда жастар оқытушылыққа ұмтылады, ғылымға бет бұрады. Білім саласындағы өзекті мәселерді талқылай келе, Талғат Нәрікбаев елімізде жекеменшік университеттер туралы аз айтылатынын да атап өтті.
Елімізде бірінші орынға әрдайым ұлттық, мемлекеттік ЖОО-ларды қояды. Бірақ олардың да өз проблемалары жетерлік, тіпті кейбірінің деңгейі жекеменшік университеттерден де төмен. Көптеген жекеменшік жоғары оқу орындары біраз уақыттан бері батыстық үлгі бойынша білім беру процесін сәтті жүзеге асырып келе жатыр. Мемлекеттік университеттерге сондай ЖОО-ларды неге үлгі ретінде көрсетпеске? Олардың шын мәнісінде мықты екені айтыла бермейді. Керісінше, қоғамға: «Қазақстанда осындай ЖОО-лар бар, Ресейге немесе басқа елге кетудің қажеті жоқ, елімізде қалыңдар» - деп, көздерін жеткізу керек, - дейді ол.

Оның пікірінше, қазақстандық білім жүйесінде бірқатар проблемалар бар әрі Білім және ғылым министрлігі оны жоққа шығармайды. Мықты профессорлық-оқытушылық құрамның болмауы да өзекті проблемалардың қатарында.   
Жақында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Фейсбукте жазба қалдырды. Парақшасында ведомстволық бағынысты университеттердің жалақысын шұғыл түрде арттырып, ең төменгі айлық мөлшерін 200 мың теңгеге өсіру қажеттігін мәлімдеген. Мысал ретінде еліміздің ұлттық мемлекеттік университеттерінің бірінде орташа айлық 110 мың теңге екенін айтыпты. Бұл аталған университетте профессорлық-оқытушы құрамының сапасы нашар екенін білдіреді. Себебі жақсы маман университетке 110 мың теңгеге жұмысқа келмейді. Қазір мемлекеттік және ұлттық жоғары оқу орындары профессорларының жалақысын 450 мың теңгеге көтеру міндетін қойып отыр. Бұл шешім сапалы кадр тартуға көмектеседі, - деп атап өтті Талғат Нәрікбаев.

Өзгелердің жаңалығы