Алматы облысы Талғар ауданындағы былтыр қайғылы жағдайдан кейін Шерзат Болаттың отбасы жаңа өмірге қадам басты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев отбасы бір жыл өткен соң жаңа баспанаға қоныстанғанын мәлімдеді.
Шерзат Болаттың отбасы бүгіннен бастап жаңа үйге орналасты. Бұл олардың ауыр сынақтан кейінгі өміріндегі жаңа кезеңнің бастауы, – деді адвокат.
Отбасы мүшелері бұл қонысты үміт пен жаңғырудың нышаны ретінде қабылдап отыр.
Бір жыл бұрын болған оқиға ел есінде ауыр із қалдырғанымен, отбасы қазір жарақатын жаза бастап, жаңа өмірге бет бұрды.
Еске салайық, 2024 жылы 4 қазанда түнде Талғарда жасөспірім қаза тапқан болатын. Белгілі болғандай, 16 жастағы Шерзат Болат сатып алушымен арада шиеленіс туындаған кезде әкесінің дүкенінде оған көмектесіп жатқан.
Қайғылы оқиғадан кейін арада бір апта өткенде Шерзаттың үйі өртеніп кетті.
Cондай-ақ жазда Шерзат Болаттың отбасына жаңа баспана берілетіні айтылды. Мәліметтерге сәйкес, игі іске жеке кәсіпкер демеушілік еткен.