Талғарда күрделі жөндеуден өткен екі дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді

15 Ақпан 2022, 16:30
2181
Бөлісу:
Талғарда күрделі жөндеуден өткен екі дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді
PHOTO

Алматы, BAQ.KZ. Алматы облысы Талғар ауданында «A Class Medical» басқарушы компаниясының бастамасымен күрделі жөндеуден өткен Қызыл-Қайрат және Гүлдала ауылдық дәрігерлік амбулаториялары тұрғындардың иігілігіне пайдалануға берілді.

Бүгінде Қызыл-Қайрат ауылдық дәрігерлік амбулаториясында 5 мыңға жуық, ал Гүлдала ауылдық дәрігерлік амбулаториясына 14 мыңдай адам тіркелген. Амбулаторияларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп қана қоймай, қосымша коммуникациялар тартылған. Бұл тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, медициналық қызметкерлердің ыңғайлы әрі сапалы қызмет көрсетуіне мүмкіндік беріп отыр.

Талғарда күрделі жөндеуден өткен екі дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді

Мәселен, бұған дейін тіпті Қызыл-Қайрат  амбулаториясының дәретханасы далада орналасқан еді. Медициналық объектілер толықтай жаңа жиһаздармен, қажетті жабдықтармен, медициналық құрылғылармен қамтылды. Күндізгі стационар, балаларға арналған бөлме, сүзгі орны және өзге де бөлмелер ашылып, заманауи құрылғылар қойылды. Науқастар үшін функционалды диагностика қызметі қолжетімді болады. Сондай-ақ ЭКГ және УЗИ-ден өтуге жағдай жасалған.

Ал Қызыл-Қайрат ауылының тұрғындары енді медициналық қызмет алу үшін аудан орталығына сабылмайды. Себебі, ауылдық амбулаторияда білікті отолоринголог, офтальмолог, хирург, акушер-гинеколог мамандар қызмет көрсетеді. Осы игіліктердің нәтижесінде, медициналық көмек қызметі бұрынғыдан қолжетімді әрі сапалы бола түспек. Сондай-ақ аудандық аурухананың жүктемесі азайып, дәрігерге кезекке тұрып, уақыт жоғалту мәселесі шешімін табады.

Талғарда күрделі жөндеуден өткен екі дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді

Айта кетейік, Талғар аудандық ауруханасы бір жылдан астам уақыт бұрын «A Class Medical» компаниясына сенімгерлік басқаруға өткен. Компанияның басты мақсаты барлық тұрғындар үшін медициналық қызметтің қолжетімді болуын қамтамасыз ету және сапаны арттыру.

Қазір жалпы Талғар ауданы бойынша 29 медициналық амбулатория күрделі жөндеуден өтті. Оның 23-і пайдалануға берілді. Қалғандары жақын арада ашылады деп жоспарланып отыр. Айта кету керек, аталған барлық амбулаторияларды жөндеу жұмыстарына 2 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Талғарда күрделі жөндеуден өткен екі дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді


 

Өзгелердің жаңалығы