Талдықорғанда жедел жәрдем көлігі мен Suzuki және Mazda автокөліктері қатысқан жол-көлік оқиғасы орын алды. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Алдын ала мәлімет бойынша, жедел жәрдем жүргізушісі бағдаршамның қызыл жарығына өтіп кеткен. Апатқа осы жағдай себеп болған.
Жол апаты салдарынан Suzuki көлігінің жүргізушісі ауруханаға жеткізілді. Оның жағдайы нақтылануда. Абырой болғанда, жедел жәрдем қызметкерлері мен оның жолаушылары жарақат алмаған.
Полиция жедел жәрдем көлігі, сондай-ақ Suzuki мен Mazda автокөліктері қатысқан жол-көлік оқиғасына қатысты материалды тіркеді. Қазіргі уақытта бұл факті бойынша тексеру жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда, - деді Талдықорған қаласының ПД баспасөз қызметінен.
Оқиға орнынан үзінді видео әлеуметтік желілерде жарияланды.
Полиция департаменті көлік жүргізушілерін жолда мұқият болып, жол ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Құрметті жүргізушілер! Жол қозғалысы ережелерін сақтау — жай ғана формальді талап емес, ол сіздің және айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігі мен өміріне тікелей байланысты. Рөлде абай болыңыз, жолда бір-біріңізге құрметпен қараңыздар! - деп ескертті қалалық Полиция департамен.
Еске сала кетейік, бүгін Талдықорғандағы Шығыс шағын ауданында №32 үйдің жанында жастар арасында төбелес болып, оның салдарынан бір жігіт пышақ жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.