Талдықорда қаласында синтетикалық есірткілерді заңсыз таратуға қатысы бар деген күдікпен ерлі-зайыпты қолға түсті. Бұл туралы құқық қорғау органдарының жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде белгілі болды.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдіктілер Алматы қаласының 33 жастағы және Алматы облысының 43 жастағы тұрғыны. Олар мессенджерлердің бірі арқылы “куратордан” нұсқау алып, тыйым салынған заттарды жасырын орындарға қалдырып отырған.
Жеке тінту және кейінгі тергеу әрекеттері барысында күдіктілерден ұнтақ тәрізді зат салынған орамалар, сондай-ақ есірткіні өлшеп-орауға және таратуға арналған құралдар тәркіленді.
Сонымен қатар, олардың Талдықорғанда уақытша тұрған мекенжайында қосымша есірткі заттары мен қылмыстық әрекетті айғақтайтын заттай дәлелдер табылған.
Тергеу нәтижесінде заңсыз айналымнан жалпы салмағы шамамен 260 грамм мефедрон тәркіленгені белгілі болды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары есірткі құралдарының заңсыз айналымы қоғам қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіретінін ескертіп, мұндай қылмыстар үшін Қазақстан заңнамасында қатаң жауапкершілік қарастырылғанын мәлімдеді.