Тұрғындар қалада қоқыстың көптігін айтып, әлеуметтік желіге жазған болатын. Бүгінде Талдықорғанда көктемгі санитарлық тазарту шаралары қарқынды түрде жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қалалық коммуналдық қызмет көрсету мекемелері кең көлемді тазарту және санитарлық жұмысын қолға алды. Шаһар аумағындағы көпірлер мен тарихи-мәдени ескерткіштер мұқият жуылып, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар, көлік қозғалысын реттейтін жол белгілері, қоғамдық көлік аялдамалары арнайы құралдармен тазартылуда. Халық көп жиналатын саябақтар мен скверлер, арық жүйелері тұрмыстық қалдықтардан арылып, толықтай ретке келеді.
Бүгінде ауқымды тазарту жұмыстарына арнайы техникалық жабдықтар тартылып, коммуналдық мекеме қызметкерлерінің көмегімен жол жиектері мен асфальт жабындылары инертті материалдардан тазартыла бастады. Бұл үрдіс кезең-кезеңімен, әрі жоспарлы түрде іске аспақ.
Қала көшелері мен демалыс орындары қыстан қалған қоқыстардан арылып, шаһарымыздың ажары кіріп қалды. Әсіресе, арық жүйелерінің тазалануы өте маңызды. Кейде жауын жауса, су жиналып, көшелерде көлшік пайда болатын. Егер тазалау жұмыстары осылай жалғаса берсе, Талдықорған одан әрі көркейе түсер еді. Тек сыртқы көшелерді де ұмытпаған жөн, - дейді қала тұрғыны Ержан Жабықбай.
Тазарту жұмыстарына 35 бірлік арнайы техника, 200-ден аса дала еңбектеріне машықтанған жұмысшылар жұмылдырылған. Олар қаланың әрбір бұрышын қамтып, тазалықтың сақталуына ерекше мән беруде.
Сәуір айынан бастап қалалық сенбіліктер ұйымдастырылмақ. Бұл сенбіліктер аясында өзен арналарының маңайы да күл-қоқыстан тазартылып, экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстар атқарылатын болады.