Сәуір бастала шаруалар егіске көңіл аудара бастады. Былтыр облыс орталығында 6026 гектар егін егілсе, биыл оны 6200 гектарға арттырмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жыл өткен сайын Жетісу жерінде егіс көлемі ұлғайып келеді. Оған басты себеп аграрлы өңірде суармалы жерлердің саны артты. Енді шаруалар да соған сай игерілмей жатқан жерлерді тиімді пайдаланбақ. Мәселен, өткен жылы Талдықорған қаласы бойынша 6026 га егін егіліп, 70 мың тоннадан астам өнім жиналған. Осы жылы егістік көлемін 6200 гектарға жеткізіп, 900 тоннаға жуық минералды тыңайтқыш себу көзделіп отыр. Бұл өнім көлемін 100 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Биыл жоспарымыз өзгеріп, өнім көлемін арттырмақпыз. Былтыр ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 330 млн теңгеге 18 дана ауыл шаруашылық техникасын сатып алды. Соның нәтижесінде дер кезінде егін жиналды. Жалпы қала бойынша ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту үлесі 6%-ды құрайды. Бұл биыл шаруалар үшін маңызды дүние. Астық көлемі артып, ауа райы қолайлы болса, шаруалар қиындық көрмейді, - дейді қала әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбаев.
Оның айутынша, 2025 жылға арналған көктемгі және күзгі дала жұмыстарына арзандатылған 275 тонна дизель отынына 44 шаруа қожалығы өтінім берген. Бұл бағыт бойынша жұмыстар жүріп жатыр.
Әкімдік тарапы қолдау білдірсе, ауа райы құбылмаса, биыл егін егуге бейіл жұрт көп. Оның үстіне қызылша егуге дайын отырған шағын шаруалар қарасы көп. Олар былтырғы қателік қайталанбағанын тілейді. Алдағы уақытта жер жырту науқаны басталады. Әзірге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Тәтті түбірді жаңа технологияға сай егуді көздеп отырмыз. Жаңбырлатып суғарсақ, өнім көлемі екі есеге артады екен, - дейді шаруа иесі Әбдімомын Жанықбаев.