Облыс орталығының бюджеті көбейгелі бері қала аулаларын абаттандыру жұмыстары артты. Былтыр онға жуық аулаға күрделі жөндеу жұмыстары жүрген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ескі көшелерді қайта жабдықтап, қала халқына қолайлы жағдай жасау үшін қала әкімдігі арнайы жобаларды қолға алған. Ондағы мақсат балаларға ойын-сауық алаңдарын сыйлау және әбден тоз-тозы шыққан ішкі көшелерді қалыпқа келтіру. Осы ретте облыс орталығы Талдықорған қаласында аулаларды абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады. Былтыр қала бойынша 7 аула аумағында абаттандырумен бірге күрделі жөндеу жұмыстары жасалған еді.
Өткен жылы "Ұлан" шағын ауданында 5 аула ретке келтірілсе, Еркін ауылында 2 аула абаттандырылды. Сондай-ақ «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы шеңберінде Батыс тұрғын ауданындағы Жазиралы мен Ақындар көшелерінің қиылысында, сондай-ақ Ащыбұлақ, Алмалы, Үйтас және Көктем саяжайларында стрит-воркаут кешені мен балалар ойын алаңдары орнатылды,- дейді қала әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбаев.
Оның айтуынша, биыл "Жұлдыз", "Ұлан", "Жетісу" шағын аудандарында 39 ауланы абаттандыру жұмысы қолға алынады. Жұмыс барысы жыл соңына дейін қадағаланатын болады.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, бүгінде мемлекеттік сатып алу порталында конкурс процедуралары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта жобалар жүзеге асады.
Қаланың ішкі көшелерінің көбі ойылып кеткен. Мәселен, 2-ші шағынауданның көшелерімен көлік тұрмақ, жаяу адам әрең жүреді. Биыл сол жұмыстарды жасалса жақсы болар еді. Қала әкімі уәде еткен еді, - дейді қала тұрғыны Самал Байтарова.
Осы жылы шаһарда жалпы алғанда 20 аулаға стрит-воркаут кешені мен балалар ойын алаңы салынады.