Талдықорғанда 200-ден астам үйдің құрылысы аяқталмаған

21 Мамыр 2023, 16:25
1187
Бөлісу:
Талдықорғанда 200-ден астам үйдің құрылысы аяқталмаған
Фото: автордан

Талдықорғанның жаңа аудандарында әлі 200-ден астам үйдің құрылысы аяқталмаған. Тіпті оның 14-інің кірпіші қаланбапты. Ал бұл ретте мемлекетке келген шығын көлемі жарты млрд теңгені құрап отыр, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде осы мәселеге сай тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Оны облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев жеткізді. Қазір Жетісуда тұрғын үй түйткілі өзекті тақырыпқа айналып барады. Кезекте тұрғандар 10-15 жыл өтсе де әлі де баспанаға жете алмай отырғанына қайран. Аға-көкені жағалағандар мен таныс-тамырдың алқауымен алға озғандар 1-2-ақ жылда аңсаған пәтеріне кіріп алған. Көпбалалы аналар қала әкімі Әсет Масабаевты есігін жиі қағып, кеткен қателіктерді тезірек түзеуді талап етуде. Оны өңір әкімі Бейбіт Исабаевта жасырып-жауып отырған жоқ. Қазір осы мәселенің алдын алу үшін элоктронды кезек тәртібін жүзеге асыруда.

Талдықорғанда 200-ден астам үйдің құрылысы аяқталмаған

Пракурордың сөзіне сүйенсек, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін баспананы үлестіру кезінде көптеген көзбояушылықтар жасалған. Ол ол ма, жаңа салынған үйлердің сапасы сын көтермейді. Көбіне қабырғасы сөгіліп, жағылған бояулары жыл өтпей күнмен шіріп жатыр.

«Халықтың әлеуеті төмен топ өкілдеріне берілген баспаналардың құжатын заңдастыру жұмыстары жалғасады. Бүгінді баспаналардың ережеге топмақ бақылаусыз берілуі жекелеген тұлғалардың пайдасына шешіліп, заңсыз әрекеттер орын алған. Осыған орай тексеру барысында бірнеше тұрғын ұсталып, заңға сай үстінен қылмыстық іс те қозғалды. Қазір тұрғын үй беру кезегінің әрі заңдылығы мен ашықтығын сақтау бағытында қала әкімімен ортақ келісімге келіп, соған сай жұмыстар атқарылып жатыр. Электронды кезек қалыптастыру жұмыстары өз жемісін береді деп ойлаймыз», дейді М.Басшыбаев.

Мұны естіген облыс әкімі Бейбіт Исабаев сол сәтте құрылыс саласындағы кемшіліктердің алдын алу керектігін сала басшыларына ескертті. Жауапты басқармалар мен жергілікті әкімдердің өңірдегі осындай келеңсіздіктерден айналып өтпеуін қадап айтты.

«Табиғи апаттан бөлек, халықтың көңілі тоқ болуы үшін тұрғын үй сапасы әрқашан бірінші орында болуы керек. Түркиядағы оқиға бәрімізге сабақ болуы тиіс. Сапасыз баспана адам өміріне қауіп төндіріп қана қоймайды, экономикамызға әкелер зияны көл-көсір. Елдің сенімінен айырылуға болмайды. Осы ретте жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуден бастап құрылыс жұмыстарының барлық кезеңдеріне қатаң бақылау болуы шарт. Бюджет есебінен тұрғызылып жатқан құрылыс объектілерін мұқият қабылдап алудың бірыңғай тәртібі белгіленуі маңызды. Талап бәріне ортақ, жалпы аудан басшылары тапсырыс берушілер қатарына жатпаса да, өз аймағында жүргізіліп жатқан құрылыс немес жөндеу жұмыстарына жауапты болады. Мемлекеттік архитектуралық-құрылыс бақылау басқармасы алдағы уақытта осы мәселе бойынша ұсыныс жасасын, деді Б.Исабаев

Оның айтуынша, құрылыс барысында жобалық-сметалық құжаттардың талапқа сай болмауы осындай үлкен кемшіліктерді орын алуына әкелген. Сол себепті ЖСҚ-ға техникалық тапсырыс беру барысындағы техникалық кеңестің құрамына жобаға қатысы бар басқармалардың басшыларын міндетті түрде енгізуді ескертті.

Содан кейін Ескелді ауданының әкіміне тәртіптік шара қолданылатынын жеткізді. Оған себеп үлгілік жобалар жасау, жобаларды қайта пайдалану туралы тапсырмасының орындалу барысының төмендігі. Қараңыз, бір Ескелді ауданының өзінде мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Ал Кербұлақ ауданында 1418 адам үйін күтуде. Бұл былтырмен салыстырғанда 178-ге көп. Одан бөлек Жаркент өңірінде 4 мыңнан астам адам баспанаға зәру.

Талдықорғанда 200-ден астам үйдің құрылысы аяқталмаған

Мәселен, осы Панфилов ауданына қарасты Нұркент ауылындағы төрт 60 пәтерлік және екі 80 пәтерлік тұрғын үй 2 жыл бұрын салынып, ел игіліне берілуі керек болған. Дегенмен тағы да мердігер компанияның жауапкерсіздігінен қойылған жоспар жүзеге аспады. Көп қабатты үйлердің инженерлік коммуникациясы о баста талапқа сай жасалмаған. Қазір соған сай жұмыстар жүргізілуде. Тіпті, қосымша қаражат мәселесі де қарастырылмақ. Солай болған жағдайда 400 отбасы қуанышқа кеңеледі.

Ал Кербұлақта жалпы алаңы 3,5 мың шаршы метр болатын 50 жалгерлік жеке үй мен 40 пәтерлік көп қабатты үй пайдалануға беріледі. Биыл 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысы басталмақ. Одан бөлек. 50 жеке тұрғын үй құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Дегенмен сарыөзекке тиесілі үйлердің сапасы сын көтермей тұр. Мамандардың айтуынша, зерделеу барысында 38 үйдің 6-уы апатты деп танылған. Бос қалған баспаналардың иесін табу, құқық белгілеуші құжаттарды рәсімдеу жұмыстары қосымша атқарылуда. Апатты тұрғын үйлердің иелері мемлекет қорынан берілетін баспанаға мұқтаж ретінде есепке алынған. Бұл да мердігер компания мен әкімшіліктің немқұрайлы әрекетінің жемісі.

Айтпақшы, өңірде баспана мәселесін шешуде аймақтан шыққан жомарт жандар жәрдемдесуде. Нақтылап айтсақ, «Шымыр» ЖШС Текелі, Үшарал қалаларымен қатар Ақсуға да тұрғын үй салуға ниетті. Ал 2024 жылға қарай «Самұрық-Қазына» АҚ Үкіметтің қаулысына сай өңір орталығында 7 көппәтерлі үй тұрғызады. Одан бөлек Панфиловте 80 пәтерлі үй, Сарыөзекте 60 коттедж салып, жетісулықтарды қуантпақ.

Биыл Жетісуда 321,9 шаршы метр пәтер тұрғындарға берілді. Жоспар бойынша 3 мыңға жуық адам қоныс тойын тойлайды.

Өзгелердің жаңалығы