Талдықорғанда 135,4 млрд теңгенің өнімі шығарылған

26 Наурыз 2025, 15:01
369
Бөлісу:
Талдықорғанда 135,4 млрд теңгенің өнімі шығарылған
Фото: автордан

Жетісуда облыс орталығының өндірістегі үлесі – 50 пайызға жақын. Бүгінде шаһарда 250-ден астам кәсіпорын бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

​Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық өндірісті дамытуды міндеттеген еді. Осы ретте Жетісудың өнеркәсіп саласы ілгерілеп келеді. Мәселен, бір Талдықорған қаласы бойынша 135,4 млрд теңгенің өнімі шығарылып, нақты индекс 105 пайызға жеткен. Бұл былтырмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш саналады.

Қала аумағындағы ірі және орта өнеркәсіптер жалпы өнімнің 69,7 пайызын өндіреді. Ал қалғаны шағын кәсіпорындарға тиесілі. Мәселен, көбіне күнделікті тұтынатын сүт, ұн өнімдері шығады. Оған қоса құрылыс материалдарының басым бөлігін жергілікті кәсіпорындар өндіреді. Оның үстіне түрлі-түсті бояулар, лак және базальтты жылытқыштар, аккумуляторлық батареялар мен кабельдік-өткізгіштер шығаратын өндіріс орындарымыз бар. Олар республика көлеміне де танымал. Бізде электр желісін салуға арналған металл конструкциялары да жасалады. Биыл өнім көлемі жылдағыдан жоғары болады деп жоспарланып отыр, - дейді қала әкімінің орынбасары Рүстем Бершінбеков.

​ Айта кетейік, биыл облыс бюджетінің басым бөлігі Талдықорған қаласында қалады. Себебі құрылыс нысандары мен қаланы безендіру жұмыстарына басымдық берілмек.

​Біз көбіне ет, сүт өнімдерін өзіміздің зауыттардан аламыз. Келіншегім Көксудан келетін тоқаштарды жақсы көреді. Оның үстіне қалада еліміздегі ірі батареялар шығаратын "Қайнар АКБ" кәсіпорны бар. Балам сонда жұмыс істейді. Өнімдерді жергілікті өндіріс орындары алыс-жақын шетелге экспорттайды екен. Бұл өңір экономикасы үшін жақсы дүние деп ойлаймын. Облыс салыстырмалы түрде ілгерлеуде, - дейді экономист Айдар Тәуіпов.

Өзгелердің жаңалығы