Талдықорған қар-мұзын кімдер күреп жүр

Кеше, 16:01
281
Бөлісу:
Талдықорған қар-мұзын кімдер күреп жүр
Фото: автордан

Облыс орталығында коммуналдық сала қызметкерлері жаяу жүргіншілер жолақтарындағы қатқан мұзды ойып, қала тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биыл Жетісуда қар қалың жауды, әйткенмен ауа райы жалпы жұртқа қолайлы болды. Шаһардың негізгі көшелерінің қары уақыты күрелгенімен, іргедегі саяжайлар мен ауылдардың жолы дер кезінде тазаланбады. Техника қанша көп дегенмен, жұмысына асыққан жұрт қар астында қалған жолды өздері күреп алды. Бүгінде күртік қарлар еріп жатыр.

Қала көшелерінің тазалығы маңызды. Жаяу жүргіншілер жолының мұз болып қатуының себебінен тайып, түрлі жарақат алатын тұрғындар да бар. Әсіресе зейнет жасындағы үлкен кісілерге ары-бері қатынау қиын. Олардың сырқаты оңайлықпен жазылмайды. Оның үстіне мұз болып қатқан жер дереу еріп кетпейді. Еріген қар суы таңда көктайғаққа ұласады. Сол себепті жолдағы қатқан қарды ойып, тазалау жұмыстарын жүргізген абзал. Бәріміздің бала-шағамыз бар, жолда құлап қалама деп уайымдап отырамыз, - дейді қала тұрғыны Бақытбек Тілеубеков.

Бүгінде қала аумағынан қар шығару жұмыстары жүйелі түрде жүріп жатыр. Бұл шаһарды селден алдын алу үшін маңызды қызмет саналады. Сол бағытта арық арналары мұқият тазартылып, су жүйелерінің жолдарын ашу жұмыстары да қолға алынған. Сонымен қатар, жол жиектерінде жиналған қарды шығару жұмыстары жалғасып, қалада мұздың қатуынан туындаған қауіптер де жойылуда.

Қала әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, осы күні коммуналдық сала қызметкерлері жаяу жүргіншілер жолақтарындағы қатқан мұзды ойып, жүргіншілер үшін қолайлы жағдай жасап жатыр. Оған қоса, қалалық төтенше жағдайлар басқармасы су басу ықтимал аймақтарды мұқият қадағалап, қажетті іс- шараларын жүргізуде.

Өзгелердің жаңалығы