Бұған дейін облыс орталығында көлік жүретін тас жолдың сапасыздығы айтылған. Соған сай ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі
Осы күнге дейін Талдықорған қаласындағы көлік жолдарының шұрық тесік екінін жазғанбыз. Бұл мәселе халықтың арасында үлкен дау туғызған еді.Жаз келе құбыр мен су желісін жөндеу салдарынан қазылған қала көшелерін қалпына келтіру жұмыстары жүйелі жүрмейді. Сапасыз төселген асфалть жабындылары көп ұзамай ойылып, халықты әбігерге салады.
Қала көшелерін ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта қауіпті шұңқырларды уақытша жабу жұмыстары жүріп жатыр. Басым бөлігін жауып біттік. Кешенді ағымдағы жөндеу жұмыстары осы айдың 25-сінен басталады. Оған себеп болып жатқан қаламыздағы асфалть-бетон зауытының іске қосылуы. Зауыт іске қосылған соң жұмыстар жүре бастады”, дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерлан Ниетбаев.
Оның айтуынша әзірге қауіпті жолдарды жабу жұмыстары жүреді, кейін толықтай қала көшелерінің ойылған жолдарын жамайтын болады.
Қала көшелері тозып барады, жылда қазу жұмыстары жүргендіктен жамалған асфалттар көп ұзамай ойылып қалады. Жалпы Талдықорғанның көше жолдарының сапасы сын көтермейді. Оны несін жасырамыз. Жылда сол мәселе, жаяу жүргіншілер жолы да жақсы емес. Менің бір түсінбейтінім қазу жұмыстарынан кейін, құм үйіп, үстіне асфалть төсей салады. Бұл дұрыс емес. Ай өтпей тас жолдың талқаны шығады. Соның бәрін қадағалау қажет, онсыз іс өңбейді. Мердігердің шала жұмысына ел куә”, дейді қала тұрғыны Садық Жантілеуов.
Айта кетейік, биыл қала ішіндегі бірнеше көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалады. Тіпті орталық көшелерді қайда жабдықтау жұмыстары да жүргізілмек.