Талдықорған – Өскемен тасжолы биыл ашылады

25 Сәуір 2020, 13:20
2943
Бөлісу:
Талдықорған – Өскемен тасжолы биыл ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұзындығы 763 шақырымды құрайтын "Талдықорған-Өскемен" автожолы Алматы облысындағы Қойлық елді мекені мен Шығыс Қазақстан облысындағы Шыңқожа, Үшбиік, Аягөз ауылдарының маңынан өтеді, деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.

Құрылыс жұмыстарын "CITIC Cinstruction Co.Ltd" ЖШС, "К-Дорстрой" ЖШС мен "Todini Central Asia" ЖШС жүргізуде. Жұмыстардың сапасын бақылауды "ГК Инжиниринг" және "ZS Enginering" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүзеге асырады.

Жоба бойынша Талдықорғаннан бастау алатын 32 шақырымдық 4 жолақты жол учаскесі І техникалық санатқа сәйкестендірілетін болады. Ал 731 шақырымдық жол учаскесі 2 жолақты ІІ техникалық санатқа сай болмақ.

Қайта жаңарту жұмыстарының аясында 6 көпір, теміржолдан өтетін 3 жол өткелі, жарықтандырылған 11 жол айрығы, 276 құбыр, демалыс алаңдары салынып, елді мекендер маңында автопавильондар орнатылатын болады.

Қазіргі таңда 9970 текше метр жер қазу жұмыстары жүргізілген. 252 су өткізгіш құбыр мен 22 мал өткелі салынды. Сондай-ақ, 159 шақырымға құм мен қиыршық тасты қоспадан жасалған жолдың төсеме қабаты, 130 шақырымға жол табанының төменгі қабаты, 118 шақырымға ірі түйіршікті асфальтбетоннан жасалған жол табанының жоғарғы қабаты, 93 шақырымға жол жабынының төменгі қабаты төселді. Жол өткелдері, көпірлер мен жол айрықтары сияқты 25 нысанның құрылысы да қарқынды жүргізілуде, - делінген ақпаратта.
Жалпылай алғанда, қайта жаңарту жұмыстарына жол-құрылыс техникасының 3 мыңға тарта бірлігі мен 5 мыңға жуық маман жұмылдырылған. 2020 жылдың соңына дейін аталмыш жолдың толық бойында қозғалыс ашылады деп жоспарлануда. Тасжол 2022 жылы пайдалануға берілмек.

 

 

 

 

 

Өзгелердің жаңалығы