Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.
Соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 7 трлн теңгеден астам қаржы бөлінді. Алайда субсидия көлемі қанша өссе де, бұл салада ауыз толтырып айтатын жетістік жоқ. Ауыл шрауашылығы министрлігі мен әкімдіктер субсидияны таратып берумен ғана шектелген. Оған ешқандай талдау жасалмады. Қаржының тиісті мақсатта жұмсалуын да ешкім бақылауға алмады. Субсидия иесіне жетпей, орта жолда талан-таражға түсті. Тіпті, ауыл шапуаылығына еш қатысы жоқ салалар да оның қызығын көріп жатыр, - деді Тоқаев.
Президент атап өткендей, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 960 қылмыстық істі тергеген.
Оның 54 пайызы субсидияны жымқыруға қатысты істер болды. Мысалы, жайылымдық жерлерді суландыруға 80 млрд теңге бөлінді. Бірақ оның тең жартысы желге ұшты. Осы жұмысқа қажетті құрал-жабдықтың бағасы 2-3 есеге көп көрсетілген. Кейде қағаз жүзінде игере салған, - деді ол.
Тоқаев субсидиялау жүйесі шаруаларды ынталандырмауына байланысты АӨК саласы дамымай қалуы мүмкін екенін айтты.
Үкіметке субсидиялау туралы ақпаратты толық қамтитын платформа әзірлеуді тапсырамын. Ол шаруаларға тегін қызмет көрсетуі керек. Бұл шаруаларды ынталандыруы керек. Бюджеттің ақшасы оңды-солды таратыла беретін тегін дүние емес, - деді Тоқаев.