Елімізде соңғы уақыттары такси қызметі жүйесі жылдам дамып келеді. Қазақстандықтар діттеген жеріне жету үшін такси қызметін жиі пайдалана бастады. Такси қызметінің дамығаны әлбетте қуантады, бірақ қауіпсіздік мәселесі қашан да өзекті болып қала бермек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елімізде такси жүргізушісі – ең танымал жұмыстардың бірі. Көлігі бар кез келген азамат ресми тіркеліп, бос уақытында такси жүргізіп, табысын таба алады. Алайда заң бойынша кез келген табыстан салық төленуі міндетті. Сол себепті еліміз арнайы заң қабылдап, 1 шілдеден бастап такси жүргізушілеріне салық төлеуді міндеттеді. Бірақ бұл жоба бүгінгі күні пилоттық жоба ретінде жүзеге асырыла бастады. Яғни такси жүргізушілері оған ерікті түрде қатыса алады.
Бұл бір жағынан «көлеңкелі» экономиканың жолын кессе, екінші жағынан жүргізушілердің ресми тіркелуіне септігін тигізеді. Әлбетте, такси жүргізушілері ресми тіркелсе, жолаушылардың қауіпсіздігіне де кепілдік берілері сөзсіз.
Өздеріңізге белгілі болғандай, биыл шілде айында БАҚ беттерінде Қостанайда такси жүргізушісі ер адамды пышақтап тастағаны туралы ақпарат тараған болатын. Полиция жолаушы мен такси жүргізушісінің арасында қақтығыс туындап, жүргізуші пышақ жарақатын салғаны анықталған еді.
Ішкі істер министрлігінде такси жүргізушілерінің қатысуымен жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың арнайы статистикалық есебі жоқ. Десе де министрлік азаматтардың арызы оның лауазымына немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан тіркелетінін және соған сәйкес тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді.
Министрлік қазіргі күні жоғарыда айтылған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Мәліметке сәйкес, Қостанайда болған қылмыс такси жүргізушісінің қызметімен байланысты емес екені анықталды.
Таксидегі жолаушылардың, соның ішінде әйелдердің қауіпсіздігі қалай сақталады? Бұл жайында inDrive бизнесті дамыту жөніндегі маман Айнұр Жұмаділдадан сұрап көрдік.
- Былтыр UNFPA семинарында астаналық журналистер inDrive таксиіндегі оқиға туралы айтып, кейін барлығы жүргізушілер жасаған схемаларды талқылап, такси әйелдер үшін қауіпті болуы мүмкін екенін сөз етті. Сіздің ойыңызша, мұндай жағдайға не себеп болды?
Оқырмандар үшін алдымен қандай жағдай туралы айтып жатқанымызды еске түсірейік. Бойжеткен Instagram желісінде платформамыз арқылы сапарға тапсырыс бергені туралы оқиғаны жариялаған болатын. Онда жүргізуші тиісті тапсырысты орындауға келеді, алайда көлігіне отырған жолаушы мен оның күйеуінен жүргізуші өзімен бір уақытта келген басқа көлікке ауысуды сұрайды.
Бұл жағдайға жолаушы алаңдап, туыстарына ескертеді. Кейін жүргізушінің жеке жағдайына байланысты осындай әрекетке барғанын білдік. Ол тез арада кетуге мәжбүр болып, ағасынан тапсырысты орындауды өтінген. Яғни жүргізуші тапсырыстан бас тартып, күткен жолаушысын тастап кеткісі келмеді. Кейінірек жолаушы қыз парақшасында түсінбеушілік үшін кешірім сұрады.
Бізде бүкіл әлемде, соның ішінде ТМД елдерінде тәулік бойы бізге оқиғаларды анықтайтын мониторинг қызметі бар. Біздің ең басты міндеттеріміздің бірі - пайдаланушыларымыздың қауіпсіздігі. Такси компаниясына және қызметіне алдын ала ескертусіз автокөлікті ауыстыру өрескел бұзушылық саналады. Ол тіпті платформаның шарттарында да көрсетілген, яғни мұндай әрекетке қатаң тыйым салынады. Мұндай бұзушылықтар үшін біз жүргізушінің аккаунтын бұғаттаймыз.
Бірақ шынын айтсақ, платформамызда шағымдардың саны өте аз. Шағымдардың басым бөлігі тұрмыстық себептерге байланысты түеді. Мысалы, жүргізушінің дұрыс емес жерге тоқтауы.
- Оқиғадан кейін не істедіңіздер?
- Бұл жағдай түсініспеушіліктен болды. Десе де біз үшін қауіпсіздік мәселесі әрқашан өзекті. Мысалы, күзде Қазақстанның ірі қалаларында қызмет көрсету сапасын бақылауды жақсарту мақсатында зерттеу жұмысын бастадық. Дәлірек айтқанда, әр сапардан кейін біз жолаушылардан сапардың қалай өткенін сұрадық. Олар мынадай жауаптардың бірін таңдады: көлікте бейтаныс адам болды ма, басқа көлік келді ме, көліктің жағдайы нашар ма? Немесе «бәрі жақсы» нұсқасын таңдай алды.
Бұл сауалнама бұзушылықтарға дер кезінде жауап беруге және қызмет көрсету сапасын жақсырақ бақылауға мүмкіндік берді. Егер жүргізуші тәртіп бұзса, біз қосымша бақылауды бастап, ескерту жібереміз, егер бұл қайталанса, біз оны уақытша бұғаттап, қызметімізді пайдалану ережелерін еске саламыз. Жоба ойдағыдай өтті, қызмет көрсету сапасына жолаушылардың көңілі толады, ол 30%-ға жақсарды. Қазір бұл жобаны кеңейту мәселесін қарастырып жатырмыз.
- Таксидегі әйелдердің қауіпсіздігін жақсарту үшін қандай шараларды қолға алып жатырсыздар?
- Біз барлық жолаушының қауіпсіздігіне бірдей мән береміз. Жолаушылар көлік, жүргізуші және саяхат бағыты туралы ақпаратты жақындарына бөлісе алады. Сондай-ақ сенімді адамның байланысын қосу функциясы бар. Яғни сапар кезінде жолаушы біздің қолданбадағы «қауіпсіздік түймесі» арқылы осы адаммен жылдам байланыса алады немесе оны пайдаланып, қолдау қызметіне хабарласа алады. Төтенше жағдайларда құқық қорғау органдарына немесе жедел жәрдемге жылдам хабарласу үшін осы түймені пайдалануға болады.
Жүргізушінің немесе автокөлік фотосуреттерінің сәйкес келмеуі туралы шағымдарды алған жүргізушілер өздері қосымша тексеруден өтеді. Нақтырақ айтқанда, сапа бөлімі жүргізушіге қоңырау шалып, олардың жеке басын растау үшін нақтылау сұрақтарын қояды, көлік пен жүргізушінің жаңа фотосуреттерін сұрайды. Егер жүргізуші тексеруден өтпесе, оны тіркелмеген деп белгілейміз, ал тіркелмеген жүргізуші тапсырыстарды қабылдай алмайды. Платформадағы жұмыс ережелерін бұзған жағдайда қалпына келтіру мүмкіндігінсіз аккаунтын бұғаттауға дейінгі әртүрлі жазаларды қолданамыз.
- Компания үшін тұтынушылардың қауіпсіздігі дегеніміз не? Такси қауіпсіздігінің жалпы көрінісі қандай болады?
- Платформаның барлық пайдаланушысы құқық бұзылған жағдайда жауапкершіліктен құтылып кетпес үшін міндетті тексеруден өтеді. Дегенмен бұл, әрине, кез келген көлік түрімен кез келген сапарда ұшырайтын адами факторды жоққа шығармайды.
Шағымдар тек жүргізушілерге қатысты деп те ойлауға болмайды. Жолаушылар да мінсіз емес. Жүргізушілер жолаушылар үстінен шағымданған жағдайлардың 40 пайызында біздің тексеруімізден кейін шағымдардың толық негізді екендігі анықталды.
- Компанияда тұтынушылардың қауіпсіздігі мәселелерімен айналысатын мамандар бар ма? Олардың жауапкершілігі қандай? Олар бұл мәселелерді қалай шешеді?
- Әрине, мұнымен қолдау қызметі мен сапа бөлімінің мамандары айналысады. Егер жолаушы сапардың сапасына көңілі толмаса, ол шағым қалдыра алады, ал сапа бөлімі қатысушылармен байланысып, фактілердің дұрыстығын тексереді, содан кейін жауапты бөлім шешім қабылдайды. Қолдау қоңырауларын реттейтін нақты ережелер бар. Біз екі жақтың пікірін тыңдап, әрқайсысы бойынша жеке шешім қабылдаймыз. Ерекше жағдайларда біз зардап шеккендерге көмек көрсете аламыз. Осы мақсатта inDrive арнайы қайырымдылық қоры бар.
Биыл сәуір-маусым айларында Алматы мен Бішкек қалаларында қалалық және қалааралық бағыттардың жүргізушілері үшін тренингтер өткіздік, онда платформада жолаушыларға қызмет көрсетудің негізгі ережелері, жолда жүру ережелерін сақтаудың маңыздылығы, жол жүру ережелері мен төтенше жағдайларда қалай әрекет ету керегі туралы әңгімелестік. Сонымен қатар біздің барлық бөлімше мәселелерді кешенді шешу үшін бір-бірімен қауіпсіздік шешімдерін бөлісіп отырады.
Киберқорғаныс тұрғысынан 2023 жылдың басында жаһандық SHIELD компаниясымен серіктес болдық. Осы компания ұсынатын Device Intelligence технологиясы жалған әрекеттермен күресуге мүмкіндік береді. Мысалы, жалған тіркелуді блоктау және қайталап тіркелуді болдырмау.
- Компания қауіп-қатерді болдырмау үшін алдын ала қандай шараларды қолданады?
- Қауіпсіздік мәселелері таксиге тапсырыс берген сәттен басталып, тіпті жететін жерге жеткеннен кейін де жалғасады. Қауіпсіздік мәселесі үшін барлығы алаңдауы керек.
Жолаушыжолға шықпас бұрын алдымен рейтингі мен оған жазылған пікірлерді тексеріп барып қана көлік үлгісі мен жүргізушіні таңдай алады. Егер қандай да бір жағдай көңілден шықпаса, онда жолаушв тапсырыстан бас тартып, ол жайлы қолдау қызметіне хабарлай алады.
Жолға шыққаннан кейін жолаушы жүргізуші мен көліктің мәліметтерін жақындарына жіберіп, күтіп алуды сұрай алады. Көлікке отырғаннан кейін есік тұтқасының ішінен жұмыс істеп-істемейтінін тексеруге болады. Ал түнде жүргізушіден көлікте жарықты жағып қойып, жүргізуді сұрау қажет. Жолда ыңғайсыздық пайда болса, қай уақытта болмасын жүргізушіден тоқтауды және сапарды аяқтауды сұрай аласыз. Төтенше жағдайдағы кез келген ұсақ-түйектер маңызды мәселеге айналуы мүмкін.
Сондай-ақ артқы орындыққа отыру, телефонды қолда ұстау және жүргізушімен танысу сияқты әрекеттерді болдырмау ережелері де бар.
- Жүргізушілер жұмысқа қалай таңдап алынады?
- Біз тек ресми такси компанияларымен жұмыс істейміз. Платформаға қосылу және тапсырыстарды қабылдауды бастау үшін жүргізуші қажетті тексерулерді жүргізетін Қазақстандағы лицензиясы бар такси компаниясында болуы керек. Жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін сақтауы керек. Бұл - платформаны пайдаланудың міндетті шарттарының бір бөлігі.
Біз көліктің жағдайын фотобақылау, сондай-ақ жолаушылардың өтініштері арқылы сапасын тексереміз. Барлық көлік платформасы осылай жұмыс істейді. Оған қоса, жүргізуші куәлігі мен жеке куәліктің сәйкестігін міндетті түрде бір адам болуы үшін салыстырып, ЖСН де сұраймыз.