Такси, карта, жеткізу қызметі: Қазақстанға өз сервистері қажет пе?

23 Қазан 2026, 07:30
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 23 Қазан 2026, 07:30
23 Қазан 2026, 07:30
189
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Өткен аптада Ресейдегі «Яндекс» серверлеріне жасалған шабуыл салдарынан Қазақстанда такси және жеткізу қызметтері уақытша істен шықты. Бұл жағдай елдің цифрлық инфрақұрылымының шетелдік сервистерге тәуелділігіне қатысты сұрақтарды қайта көтерді. IT маманы Жомарт Қасым BAQ.KZ-ке берген сұхбатында Қазақстан қандай сабақ алуы керегін, «Яндекске» балама ретінде отандық карталар, навигация және такси қызметтерін дамыту қаншалықты маңызды екенін, сондай-ақ шетелдік платформалар істен шықса, оның халық пен бизнеске қалай әсер ететінін айтты.

Жомарт Қасымның сөзінше, «Яндекске» қатысты жағдайдан кейінгі ең негізгі сабақ – монополияның нақты зардабын көру болды.

Бір ғана сервистің сервері құрып еді, еліміздегі ірі қалалардың қалай тоқтап қалғанын бәріміз көрдік. Сол күні осы саланың маманы, инженер ретінде маған бірінші келген ой: «Біздегі антимонополия комитеті осы уақытқа дейін неге қарамай келген, не істеп отырған?» деген сұрақ болды. Себебі бұл қалыпты жағдай емес. IT саласында жұмыс істейтін кез келген адам серверлерде ақау болатынын, жаңарту кезінде қате кететінін, желілік үзілістер болып тұратынын, басқа да форс-мажорлық жағдайлар болатынын біледі. Бұл техника болған соң түсінікті. Бірақ бір компания бүкіл нарықты толық басып алса, енді әр ақау болған сайын бүкіл ел жұмысын қойып, солардың серверлері қашан қайта қосылады екен деп қол қусырып қарап отыруы мүлдем дұрыс емес, - дейді маман.

Оның сөзінше, бұл жағдайдан алатын басты сабақ – бүкіл бір мемлекеттің, халықтың күнін жалғыз ғана шетелдік сервиске тәуелді қылып қоюға болмайды. Инфрақұрылымда міндетті түрде қатар жүретін балама жолдар болуы керек.

Тіпті мұны бүгіннен бастап қолға алу керек. Бізде көп жағдайда мемлекет тарапынан «IT саласын дамытамыз, цифрландырамыз» дегенді жиі естиміз, бірақ көбінесе ол пайдасы жоқ, мардымсыз конференциялар өткізумен шектеліп қалып жатады. Қаншама қаражат пен уақыт сондай көзге көрінбейтін, нәтижесі жоқ шараларға кетіп жатыр. Осындай дүниелерді доғарып, нақты істің салдарымен, базалық проблемалармен күресетін уақыт баяғыда келді, - дейді Жомарт Қасым. 

Оның айтуныша, Қазақстанда өзіміздің картамыз, навигациямыз болуы керек.

Өйткені навигация мен карта дегеніңіз жай ғана көшеде адаспай жүруге арналған қосымша емес. Бұл – логистиканың, жедел жәрдемнің, полиция мен өрт сөндіру қызметінің, жалпы қаланың күнделікті тіршілігінің негізгі өзегі. Егер ертең сыртқы жүйелер тағы да ұзақ уақытқа істен шықса немесе қандай да бір шектеулер қойылса, біз тағы да дәрменсіз күйде қаламыз. Сондықтан отандық баламаларды жасау – жай ғана тағы бір сервис шығару емес, бұл біздің өз ішіміздегі қауіпсіздігіміз үшін ауадай қажет нәрсе, - дейді сарапшы.

Жомарт Қасым шетелдік сервистер істен шықса бұл жағдай адамдарға да, бизнеске де тікелей әрі өте қатты соққы болып тиетінін айтады. Оның сөзінше, мұның артында екі үлкен мәселе тұр.

Біріншіден, біз шетелдік компанияға тәуелді болып отырмыз. Азаматтарымыздың жүріс-тұрысы, күн сайын қайда баратыны, үйі мен жұмысының мекенжайы, жеке төлем деректері – осының бәрі сол жақтағы серверлерге кетіп жатыр. Одан бөлек, таксиден, жеткізуден түсетін қыруар ақшаның комиссиясы, табысы да сыртқа ағып жатыр. Ертең тағы бір жағдай болса, өз тарапымыздан ештеңе істей алмай, солар шешіп бергенше күтіп отырамыз. Өйткені қолымызда жұмыс істеп тұрған басқа таңдау жоқ, бәрі соған байланып қалған, - дейді маман.

Екіншіден, сарапшының сөзінше, шағын және орта бизнес қатты зардап шекті.

Қазір қарап отырсаңыз, қаладағы қаншама кафе, мейрамхана, шағын дүкендер жеткізу қызметін толықтай осы жүйелерге сеніп тапсырған. Сервис сөніп еді – жеткізу тоқтады, тапсырыстар күйіп кетті, қаншама адам сол күнгі кірісінен қағылды. Ал такси жүргізушілері мен курьерлер сол күні жұмыс істей алмай, үйіне табыссыз қайтты. Бір нәрсеге тым қатты байланып қалудың соңы осындай үлкен шығынға әкеледі, - дейді сарапшы. 

Сонымен қатар, Жомарт Қасымның сөзінше, отандық сервистер шетелдік платформалармен бәсекелесе алады.

Біздің мамандардың білімі де, қолы да бәріне жетеді. Бізде талай күрделі жүйелерді көтеріп жүрген мықты бағдарламашылар мен инженерлер жетерлік. Бірақ мәселе мамандарда емес, мәселе – нарықтағы жағдайда, - дейді ол.

Сарапшының сөзінше, қазір нақты бәсеке бола алатын бәсекелестің өзі жоқ.

Мысалы, сол такси қызметін алайықшы, қала ішінде «Яндекстен» басқа ештеңе қалмады ғой. Uber дегенді де кезінде осылар сатып алып, өздеріне қосып алды. Ал inDrive болса, негізінен қалааралық қатынасқа және посылка тасымалдауға көбірек көшіп кетті. Яғни қала ішінде «Яндекс» нағыз монополистке айналды. Басқа ешкім жоқ болған соң, нарық қалай дамиды? Сондықтан бастауды – жаңа отандық жобалардың нарыққа еркін кіруіне жол ашудан және оларға бәсекелесуге мүмкіндік беретін жағдай жасаудан бастау керек. Жаңа ойыншылар шығып, нарық бөлінбейінше, біз осы тәуелділіктен шыға алмаймыз, - дейді сарапшы.

Жомарт Қасым Қазақстанда отандық IT-сервистерді дамытуға басты кедергі – нарықта шынайы бәсекенің жоқтығы дейді. 

Бір компания үстемдікке ие болған соң, нарықты өз дегенімен жүргізеді. Ал қарапайым тұтынушыда да, такси жүргізушісінде де баратын балама сервистер болмаған соң, осы талаптарға амалсыз көнуге мәжбүр. Егер ортаға жергілікті шағын жобалар шыға қалса да, алып монополист оларды қаржылық және инфрақұрылымдық ресурстарымен бірден басып тастайды, - дейді ол. 

Бұған мемлекет ең алдымен, антимонополиялық заңдардың қағаз жүзінде қалмай, нақты істеуін қатаң қадағалау қажет. Бір компанияның бүкіл нарықты жұтып қоюына жол бермей, олардың тариф белгілеу саясатын, алып отырған пайыздары мен үстемдігін ашық бақылауға алу керек.

Екіншіден, өзіміздің балама өнімдерімізді жасап, нарыққа шыққысы келетін отандық IT компанияларға нақты жағдай жасалуы тиіс. Бұл – құр сөз емес, салықтық жеңілдіктер, серверлік инфрақұрылымға қолдау немесе мемлекеттік ашық деректерге (Open API) қолжетімділік сияқты нақты құралдар болуы шарт. Егер мемлекет ойын ережесін әділ қылып, жаңа өнімдерге жол ашып берсе, нарықта шынайы бәсеке қалыптасып, сапа да, баға да тұрақталады, - деп түйіндеді сарапшы. 

Еске салсақ, Қазақстанда «Яндекс» сервистері неге істемей қалғаны белгілі болды. Министрлік серверлер Қазақстанда орналасқанымен, кейбір сервистердің компоненттері шетелде екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, телефондағы «Яндекс» қолданбасы уақытша істемей қалғандықтан, бәсекелес inDrive сервисі такси құнын өсіргені анықталды. Такси бағасының өсуіне байланысты inDrive ескерту алды.

Сондай-ақ, «Яндекстегі» ақаудан кейін «1С Қазақстан» мәлімдеме жасады.

Тағы оқи отырыңыз: Яндекстегі ақау: Депутат Бас прокуратурадан тексеру жүргізуді сұрады 

Астанада жолаушыға тиіскен такси жүргізушісі қамауға алынды 

Наверх