Таиландта қайықтағы жарылыс салдарынан Қазақстанның төрт азаматы зардап шеккен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Куәгерлердің айтуынша, туристерді күйік шалып, сондай-ақ олар ақшасынан, телефондары мен төлқұжаттарынан айырылған.
Зардап шеккендердің арасында Астанадан Таиландқа демалуға барған ерлі-зайыпты Бақытгүл мен Думан Байкен бар. Олар Пхукет провинциясына саяхаттаған алғашқы сапары оқыс жағдайға ұласқанын айтады.
Оқыс оқиғаға тап болдық. Таиландтың Пхукет деген жеріндеміз. 12 аралға баратын тур алғанбыз. Сақтандыруы да бар деген. Бір өкініштісі, біздің құжаттарымыз, менің телефоным, біраз заттарымыз жанып кетті. Бей-жай қарамайтын, жөн білетін азаматтардан көмек сұраймын. Мұндай жағдайда не істеген жөн? Өмірімде мұндай жағдайға тап боламын деп ойламаппын. Катер жанып кетті. Видеоларын сіздерге жіберемін. Кімге керек, жазбаларыңызға қоса жариялап, елшілікке шығып, көмек берулеріңізді сұраймын. Қазір госпитальға бара жатырмын. Қазақстан азаматтары бізге құжат жағынан көмектесіп жіберсеңіздер, - деп көмек сұрады әлеуметтік желіде Думан Байкен.
Демалушыларды қатты абыржытқан оқиғаның соңы жақсы аяқталған көрінеді. Кейінірек Думан мен Бақытгүл жағдай реттелгенін айтып, көпшілікке алғыс айтты.
Біз қонақүйге келдік. Аман-есен. Аллаға шүкір. Барлығыңызға көптен-көп рахмет. Елшіліктен консул хабарласты. Құжаттарға қатысты ешқандай проблема жоқ, уақытша құжат жасап береміз деді. Барлығыңызға рахмет айтамыз. Мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін. Көмектесіп, жаны ашып, сұрап жатқандарға рахмет. Мына жақтың полициясына, медицинасына да рахмет. Алғашқы көмегін аямай көмектесіп жатыр. Волонтерлер киім беріп, тамақтандырды. Барлық затымыз жанып кетті. Бастысы өзіміз аманбыз,- дейді Думан мен Бақытгүл.
Еске сала кетейік Таиландта қазақстандық туристер болған қайық өртеніп кеткені туралы кеше жазғанбыз.