Күз мезгілінде дәстүрлі түрде Отбасы банктегі ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) депозиттерге түсетін салымдардың көлемі артады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл күнтізбелік жылдың аяқталуына байланысты, оның қорытындысы бойынша әрбір салымшыға банктің сыйақысынан басқа мемлекет сыйлықақысы есептеледі.
Мемлекет сыйлықақысы дегеніміз не және ол кімге төленуі тиіс?
Мемлекеттік сыйлықақы – тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында ел азаматтарына жыл сайын бөлінетін мемлекеттік қолдау шарасы. "Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы" заңға сәйкес салымшының таңдауы бойынша мемлекеттік сыйлықақы тек бір тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі бір шотқа ғана есептеледі.
Қазақстанда бұл жүйені Отбасы банк жүзеге асырады. Сондықтан оның салымшылары жыл сайын мемлекеттен бонус алады.
Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесіне қатысушылар мемлекеттен қанша сома алады?
Мемлекет сыйлықақысы 200 АЕК-тен аспайтын сомаға 20% мөлшерінде есептеледі. 2024 жылы бұл – 738 400 теңге.
Егер клиент күнтізбелік жыл ішінде осы қаражатты өз депозитінде жинақтаса немесе оны бірден шотқа толықтырса, онда 2024 жылдың қорытындысы бойынша ол ең жоғары сыйлықақыны – 147 680 теңгені алады.
Мемлекеттен 20% көлемінде бонус алу үшін Отбасы банктің салымшылары ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін өз депозиттерін толықтырып үлгеруі тиіс.
Депозитті толықтыру мерзімі маңызды емес. Яғни салымшы депозитті ай сайын – қаңтардан желтоқсанды қоса алғанға дейін толықтыра алады немесе өзінің жинақ шотына белгілі бір соманы бір рет енгізе алады.
Жаңа клиент өз салымын қазір ашып, оны жыл соңына дейін толықтырған жағдайда да мемлекеттік сыйлықақыны алады.
Мемлекеттік сыйлықақы әр депозитке тағайындалады ма?
Мемлекеттік сыйлықақы Отбасы Банкінде ашылған бір салымшының бір салымы үшін тағайындалады. Егер бір салымшының Отбасы банкінде бірнеше салымы яғни бірнеше депозиті болса, онда мемлекеттік сыйлықақы олардың біреуіне ғана есептеледі.
Сіз Otbasy bank Lite мобильді қосымшасында мемлекеттік сыйлықақы қай депозитке есептелетінін тексеріп, қажет болған жағдайда оны ауыстыра аласыз.
Мемлекеттік сыйлықақы өткен жылдарда депозитте жиналған қаражатқа есептеле ме?
Мемлекеттік сыйлықақы бұрын сыйлықақымен марапатталмаған сомаға ғана тағайындалады. Яғни, жыл сайын ағымдағы жылы толықтырылған жаңа жинақтар мен өткен жылы марапатталмаған жинақтардың қалдығы есепке алынады.
Мысалы, 2023 жылы банк клиенті депозитті 800 000 теңгемен толықтырды. Оның ішінде 690 000 теңге көлеміндегі ақшаға мемлекеттік сыйлық тағайындалды (бұл 2023 жылы 200 АЕК). Бұл ағымдағы жылдың соңында мемлекеттік сыйлықақы қалған, яғни марапатталмаған 110 000 теңгеге және 2024 жылы депозитте жинақталатын жаңа жинақты марапаттайды деген сөз.
Мемлекеттік сыйлықақы қандай жағдайларда бюджетке қайтарылады?
- егер салымшы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасын үш жылдан аз уақыт жинаса және тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шартты мерзімінен бұрын бұзса;
- егер салымшы тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарт бойынша құқықтарын, яғни депозитін Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын тұлғаға берсе;
- ақша үш жылдан кем уақыт бойы жиналған кезде, несие берілген күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде қарызды қайтарған жағдайда.
Отбасы банктің депозиттік базасы жыл сайын өсіп келеді және бұл халықтың тұрғын үй құрылысы жинақ жүйесіне деген сенімін көрсетеді. Қазіргі таңда банкте 2,8 миллионға жуық жинақ шоттары ашылған. Жылдық 2% мөлшеріндегі сыйақыны және 20% мөлшеріндегі мемлекеттік сыйлықақыны ескере отырып, салымдар бойынша тиімді сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,4%-дан 17,1%-ға дейін (мемлекет сыйлықақысын ескергенде).
Өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік сыйлықақыны Отбасы банктің 1 990 790 салымшысы өз шоттарына алды. Бұл ретте олардың әрбір төртіншісі мемлекеттің ең жоғары сыйлықақысына ие болды.
Отбасы банкіндегі жинақ шоттары иелерінің жасы әртүрлі. Мысалы, 2023 жылдың аяғында 240 мыңнан астам қазақстандық балалардың атына ашылған жинақ шоттарына мемлекеттік сыйлықақы алды. Ал Отбасы банктің ең қарт салымшысы 89 жаста. Оның Ақтөбе облысында тұратындығы және есепшотында 1,3 миллион теңге жинағы бар екендігі белгілі болды.
Мемлекет сыйлықақысы қаражатты қазірден бастап жинақтаудың жалғыз себебі емес. Өйткені, банктің сыйақысы да жинақталған ақшаға есептеледі. Бұл «Наурыз» бағдарламасына қатысушыларды іріктеудегі ұпай беру кезіндегі елеулі көрсеткіш. Ол 2025 жылдың 1 тоқсанында басталады деп күтілуде.
Отбасы Банк клиенттері үшін әлі де жақсы жаңалық бар – келесі жылдың басында «Ұмай» және «Жасыл ипотека» бағдарламаларын іске қосу жоспарлануда.
Бұл бағдарламаларға қатысу үшін сізде бар болғаны 20% бастапқы жарна болса жеткілікті. Ал өңірлерде «Ұмай» бағдарламасы бойынша баспана алу үшін Отбасы банкінде депозитте 15% болса жеткілікті.
Банк сізге «Ұмай» және «Жасыл ипотека» бағдарламалары бойынша тұрғын үй сатып алудың егжей-тегжейлі шарттары туралы қосымша хабарлайды. Бүгінде бұл бағдарламалар бойынша ең жоғары сома 50 миллион теңге болатыны белгілі. Несиені үй сатып алуға немесе жөндеу жұмыстарына алуға болады. Атыңызда тұрғын үй бар болса да бұл сізге ешқандай кедергі келтірмейтін болады.