Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Тағы да жолаушы қазасы: Гуанчжоудан Алматыға ұшқан әйел көз жұмды

Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Әлеуметтік желілерде Гуанчжоудан Алматыға бағыт алған әуе рейсінде жолаушының қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Көліктегі полициясы аталған қайғылы жағдайды растап, тергеу басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі өз парақшасында рейс барысында орын алған оқиға жайлы жазба қалдырған.

11 желтоқсан күні Гуанчжоудан Алматыға шыққан рейсте 64 жастағы әйел жолаушы қайтыс болды. Ол онкологиялық аурудың соңғы сатысында болған. Марқұмның жақындарына көңіл айтамын. Меніңше, әрбір рейсте шұғыл медициналық көмек көрсете алатын маман болғаны жөн, - деп жазды ол.

Оқиғаға қатысты Көліктегі полиция департаменті түсініктеме берді. Онда аталған дерек бойынша тергеу басталғаны хабарланды.

Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімі бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Алдын ала мәліметке сәйкес, өлімге созылмалы дерт себеп болған. Қазіргі уақытта барлық мән-жай анықталуда. Тергеу нәтижесіне қарай тиісті процессуалдық шешім қабылданады. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жария етілмейді, - делінген ресми хабарламада.

Еске сала кетейік, Ақтөбе-Алматы рейсінде жолаушы көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз. Әуе рейсі барысында жолаушы әйелдің жағдайы «күтпеген жерден нашарлаған».

Өзгелердің жаңалығы