Алматыда «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариев алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы заңгер Нұрсұлтан Орынбеков әлеуметтік желіде хабарлады.
"Қазақ Робин Гуд" Ілияс Сариев алаяқтық бабы бойынша ұсталды. Алматыдан осындай хабар келді. Бірнеше адамнан алаяқтық әрекеті бойынша арыз түскен еді. Қазір сол бойынша ұсталғаны белгілі болды. Алданғандар болса, Алматы ІІД-не арыздансаңыздар болады, - деді ол парақшасында.
Аталған жағдайға қатысты Алматы қаласының Полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдіріп, қылмыстық іс қозғалғанын растады.
Алмалы аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімі алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Жан-жақты және объективті тергеуге бағытталған бірқатар тергеу шаралары жүргізілуде. Олардың қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады,- деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Еске салайық, бұған дейін “Елге көмек” қорының әрекеттеріне қатысты шағымдар айтылған болатын. Тележурналист Гүлмира Әбіқайға алматылық келіншек қордың халықты алдап, ақша жинаумен айналысқанын мәлімдеген еді.