Табысы 30 мың теңге: Қанша адам кедейлікте өмір сүріп жатыр

28 Наурыз 2025, 11:33
795
Бөлісу:
Табысы 30 мың теңге: Қанша адам кедейлікте өмір сүріп жатыр
Фото: Артём Чурсинов - архив

Қаржы сарапшысы Гүлнұр Нұрланқызы халқымыздың қазіргі күні қаржылық жағдайы қалай екенін айтты. Оның сөзінше, елімізде 2,9 млн адам кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Дәл қазір Қазақстан халқының қаржылық жағдайы аса мәз емес. Себебі бізде қаржылық сауат төмен. Бәлкім соның салдарынан болар кредиттің мөлшері жоғары. Қазақстандықтар 20,7 трлн теңге қарыз. Оның ішінде 2024 жылғы 1 қаңтардың есебі бойынша, 890 мың адамның қарызы, берешегі коллекторларға өтіп кеткен, - деп жауап берді сарапшы редакциямыздың сұрағына.

Гүлнұр Нұрланқызы оған қоса халықтың табысы да төмен екенін айтты.

Зерттеуге сәйкес, Қазақстанда халықтың 5%-ы кедейлік шегінде өмір сүріп жатса, Дүниежүзілік банктің сараптамасына қарасақ, 14,6% қазақстандық кедейлікте өмір сүріп жатыр. Бұл 2,9 млн адам. Қазақстанның ішкі есептеуі мен Дүниежүзілік банктің есептеуінде неге мұндай айырмашылық бар? Өйткені Қазақстан 30 мың теңгеден төмен табысы бар, яғни ең төменгі күнкөріс деңгейінде бекітілген соманың 70%-ынан төмен табысы барларды санаса, ал Дүниежүзілік банк 150 доллардан төмен табысы бар, яғни 73 мың теңгеден төмен табысы барлардың барлығын осы санатқа жатқызып отыр, - деп түсіндіріп, осы себептен Дүниежүзілік банк 14,6%-ды көрсетіп отырғанын айтты.

Қаржы сарапшысының айтуынша, мұның барлығы халықтың жағдайы айтарлықтай мәз емес екенін көрсететінін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы