Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүктілігі мен босануына, асыраушысынан және жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдерді енді проактивті форматта жүзеге асырады.
Осылайша мемлекет азаматқа SMS-хабарлама жіберу арқылы қызмет көрсету процесіне бастамашылық жасайды. Оған жауап берген және банктік шоттың нөмірі расталған кезде төлемдер автоматты түрде қысқа мерзімде тағайындалады. Қызметті проактивті форматта алу үшін мобильді азаматтар базасында тіркелу қажет. Мұны egov.kz сайтындағы жеке кабинетте немесе халыққа қызмет көрсету орталығында жасауға болады, - делінген хабарламада.
Бұрын жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылу, асыраушысынан айырылу және жұмысынан айрылу бойынша әлеуметтік төлемдер алу үшін ХҚКО-ға, жұмыспен қамту орталықтарына немесе құжаттар тізімімен egov.kz-ке жүгіну қажет болатын. Қызмет көрсету мерзімі бір аптадан 30 күнге дейін созылды.
Естеріңізге сала кетейік, "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында министрлік қазірдің өзінде бала туу бойынша және батыр аналарға жәрдемақы тағайындайды, сондай-ақ зейнетақы тағайындау бойынша кешенді форматта қызмет көрсетеді.